Бір аптадан кейін қазақстандықтар Ұлы Жеңіс мейрамын тойлайды. Бізге бейбіт өмірді сыйлаған соғыс және еңбек ардагерлерінің құрметіне жергілікті жерлерде мерекелік шаралар басталып кетті.
Қалада алғашқылардың қатарында майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне Еңбекші ауданының әкімдігі құрмет көрсетті. Қарт майдангерлердің 73 жыл бұрын отқа тосқан кеудесін төсбелгілер алмастырған. Санына қарап-ақ, еткен ерліктің өлшеусіз екенін байқауға болады. Әр ордені мен медалі қанды шайқаста аянбай, тылда тынбай еңбек еткендерінің куәсі іспеттес. Олар әр көктемді жеңіс таңындай күтеді, өмірге деген құлшыныстары жыл сайын артатындығын жасырмайды.
Жұман Абдуллаев, ҰОС ардагері: «Мен соғыс басталған кезде Беларусь майданында болдым. От бораған шайқаста тірі қалдым. Құдайға шүкір, балаларым, немере, шөбере, шөпшектерімнің арасындамын. 96 жасқа келдім. Осыдан артық бақыт бар ма?».
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келмегенін осындағы ақ жаулықты аналарымыз біледі. Жастық шағы қиын қыстау кезеңге тура келіп, тұлымдай уақыттары қиыншылықпен өткенін ұмытпайды. Жеңіс туы желбіреген сәттен бастап, бейбітшілік үшін балалық шағын сарп еткеніне өкінбейді.
Қабен Мұстафаева, тыл еңбеккері: «Қиыншылықты көрдік қой. Соғыстан қайтқандары жарақат алған, қолы, аяғы жоқ. Әйтеуір бала болсақ та мал бағып, үлкендерге қарастық».
Жеңіс күніне арналған мерекелік іс шараны Еңбекші ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Айтуларынша қатары сиреген соғыс және тыл еңбеккерлерін қамқорлығына алған. Бұл реттік шара емес, бейбіт өмірін сыйлаған ата-апаларымызға лайықты құрмет үздіксіз көрсетіледі деп сендірді.
Өкінішке қарай, биыл Ұлы Жеңістің 73 жылдығын 15 ҰОС ардагері, бір ҰОС қатысқан жауынгердің жұбайы, 2 мыңға жуық тыл еңбеккерлері қарсы алуда. Былтыр 27 ардагеріміз бар еді. Демеушілердің арқасында осындай шара ұйымдастырылды.
Ғалымжан Ильясов, Еңбекші ауданының әкімі: «Былтыр Жеңіс күнін 28 соғыс ардагері қарсы алса, биыл 15 майдангеріміз қатарымызда. Өкінішке қарай, олардың қатары сиреп барады. Әрине ол заңдылық, өйткені орта жасы қазір 95-те. Біз ата-апаларымызға қарыздармыз. Сондықтан да аялап, ардақтаймыз».
Ауыр тағдырына қарамастан қарт ата, әжейлеріміз әлі тың. Соғыс кезінде сүйікті әндері шырқалса би билеп, ән айтуға дайын. Дастархан басында кездескен
әуежай, жаяу әскер, зенитшілер, танкист, барлаушы жалпы жауынгерлер Жеңіс күнін дәл 73 жыл бұрын 1945 жылы тойлаған сезімде болды.
Шынар Оразова