Есеп беру кезегі Мақтарал ауданы әкімі қызметіне жақында тағайындалған Жамантай Бейсенбаевқа келді. Мырзашөлдегі мәселелерге жаңа басшы қанық. Ауданның негізгі күн көрісі егін шаруашылығы. Шитті мақта 86 мыңнан астам гектарға, бақша дақылдары 31 мыңнан астам гектар жерге гілген. Егістік көлемін арттыру мақсатында тозығы жеткен тік дренажды ұңғымалар, каналдар қайта жөнделуде.
Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі: «Ағымдағы жылы құны 20,4 млрд. теңгені құрайтын ПУИД-2 жобасын іске асыру жоспарлануда. ПУИД-2 және ПУИД-3 жобаларын іске асыру арқылы 85543,03 гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, 1640, 6 шақырымдық 763 дана су жүйелері мен 359 дана тік дренажды ұңғымалар қайта жөнделіп, ауыл шрауашылығы дақылдарының өнімділігі арта түспек».
Ауыз суға тоқталған әкім 14 елдімекенде су жүйесі салынбағанын жасырмады. 182 елдімекеннің 168 орталықтандырылған жүйеге қосылған, қалғандарына ауыз су кесте бойынша беріледі. Табиғи газбен елдімекендердің 40 пайызы қамтылған. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Биыл Мақтаралда 9 мектептің құрылысы жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласы бойынша Жетісай қаласында халық көп күткен 500 адам қабылдайтын емхана, Мырзакент пен Атакентте 250 адамға шақталған емханалардың құрылысы жүргізілуде.
Ауданда 174 елді мекен орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 8-і экономикалық тиімсіз шалғайда орналасқан. Есеп аяқталысымен тілшілер сұрақ-жауапқа көшті. Ауданда баспанаға 4 мың 250 адам кезекте тұр. Қазіргі таңда тұрғын үйлер салынуда. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жоспарлы жұмыс жүргізілуде дейді әкім мырза.
Ауданда 29 өнеркәсіп орны жұмыс істеуде. Индустрияландыру картасы аясында 2010-2017 жылдар аралығында жалпы құны 5262 млн. теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 680 жаңа жұмыс орындары ашылған. Биыл 6 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.