Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өңірде орналасқан сауда орындар мен базарларды заң талабына сай реттеу бойынша жиын болып өтті.
Жиынды ашқан өңір басшысы жалпы облыс бойынша 120 базар мен сауда орындары бар екенін айтып, оның басым көпшілігі тиісті нормативтік стандартқа сай келмейтінін атап өтті.
«Бүгінгі мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының базарларды тұрақты сауда объектілеріне көшіру нормаларын қолданысқа енгізу жөніндегі түбегейлі шараларды қабылдау» туралы арнайы тапсырмасының орындалуы бойынша өткізіліп отыр.
Аталған тапсырманы орындау үшін, облыс орталығындағы және аудан, қалаларда орналасқан сауда орындары мен жалпы базарлардағы санитарлық талаптарды, коммуналдық шаруашылық, сәулет-құрылыс, заңсыз құрылыс, жерді өз бетінше басып алу, жерді нысаналы мақсатында пайдаланбау, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы және басқа да өзекті мәселелер талаптарға сай өз шешімін табуы тиіс»,-деді әкім.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қаладағы 29 базардың 15-і Бас жоспарға сәйкес келмейтінін, ал 14 базар құрылымдауды қажет ететінін мәлім етті. Сонымен қатар, ол Шымкент қаласының бөлшек сауда көлемі 329,1 млрд. теңгені құрайтынын, оның 69 пайызы шағын, орта және ірі сауда кәсіпорындарында, ал 31 пайызы базарларда жасалған сауда көлемі екенін айтты.
Бұдан бөлек, ОҚО ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов облыс және Шымкент қаласы аумағындағы сауда нысандарының өрт қауіпсіздігі жағдайы туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, Бас прокуратура мен Ішкі Істер министрінің тапсырмасына сәйкес Департамент қызметкерлерімен облыс аумағындағы жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған 106 ірі ойын-сауық сауда орталықтарының 101-не өрт техникалық тексерулер жүргізілген.
Сонымен қатар, ол тексеру кезінде Мемлкеттік өрт бақылау инспекторларымен объектінің эвакуациялық шығу, өрт сөндіру автокөліктерінің ғимаратқа және су көздеріне жету жолдарына, автоматты дабыл қаққыш және сөндіру қондырғыларына, алғашқы өрт сөндіру жабдықтарына, базарларда өртке қарсы арақашықтықтарының сақталуына, объект қызметкерлерінің төтенше жағдай және оқиға кезінде іс әрекеттерінің біліктілігне аса назар аударылғанын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы барлық құзырлы органдар мен жауапты сала басшыларына базар жұмыстарын реттеу бағытындағы барлық заңдармен қаралған құқықтарын өз дәрежесінде қолдана отырып, белсенді түрде жұмыс жасауды, ондағы санитарлық талаптың сақталуын қадағалауды және базар маңындағы автотұрақ мәселесін реттеуді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі