ОҚО-да мақтаралдық шаруалар қауын-қарбыздың алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті

1079

Оңтүстік Қазақстан облысында бақша өнімдерін өндірумен танымал Мақтааралда қауын-қарбыз пісті. Ерте пісетін бақша дақылының түрін еккен шаруалар бүгінде 55 тонна қауын, 45 тонна қарбыз жинап, алғашқы өнімін Ресей мемлекетіне жөнелте бастады.

Мақтарал ауданында бақша өнімдері былтырғыға қарағанда 10-15 күн ерте пісіп отыр. Биыл ауданда жалпы 19 500 гектарға қауын, 8 мың гектардан астам жерге қарбыз егілген. Оның ішінде ерте егілген бақша дақылдарының көлемі 13200 гектарды құрайды.

Қарбыздан алғаш боп өнім алған «Әбіш-ата» шаруа қожалығы 20 тонна өнімін сыртқы нарыққа шығарып отыр. Қарбыздың келісін 140 теңгеден босатқан. Аталған қожалық 3 гектар жерге егілген қарбыздың гектарына 30 тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр.

Диқаншының жұмысына сәттілік тілей келген аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев «Әбіш-ата» шаруа қожалығынан алғашқы артылып жатқан өнімнің куәсі болды.
«Мақтарал ауданының негізгі күнкөрісі егіншілік. Сондықтан мақтаралдық диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баклажан, балгарский егеді. Бүгін міне, қарбыздың алғашқы өнімі Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтілді. Биыл мақтаралдық шаруалардың өнімі өтімді әрі өнімді болады деген сенім мол», — деді аудан әкімі.

Айта кетейік, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның 631 мың тоннасы мақтаралдық диқандарға тиесілі болатын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі