Сәт сапар саған, жас түлек!

1594

25 мамыр –даламызды қоңырау үні тербейтін күн. Бірнеше толқынның бас қосып, ыстық ұя мектепке деген сүйіспеншілікті еселейтін мереке №24 мектепте де жоғары деңгейде өтті. Бүлдіршіндер жазғы демалысқа асықса, түлектер жаңа өмірге бір қадам жақындай түсті. 

Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептен биыл 45 бітіруші түлек өмірдің даңғыл жолына аттанды. Соңғы қоңырау мерекесін ақ жейде, қара көйлек киіп, жылтыр ленталарын таққан 11 сынып оқушылары ерекше салтанатпен тойлады.

Түлектердің орындаған қоштасу әні мен қоштасу вальсі көптің көңілінен шығып, жас толқын қошеметке бөленді.

Кезек қоңырау сыңғырына да келді. Кейбірі үшін алғаш рет, ал түлектер үшін қоңырау соңғы рет сыңғырлады.

Он бір жыл бойы оқып, тәлім тәрбие алған алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмірге қадам жасаған үміткерлер үшін қоңырау үнін есту естен кетпес сәт. Алтын белгіге үміткер Адель де толқып тұрғанын жасырмайды. Арман қуған жалынды жастың алдағы сындарлы сәтте ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтасам деген асқақ арманы бар.

Аделья Дәулетқызы , Алтын белгіге үміткер: «Әрбір оқушы сияқты мен де қобалжып тұрмын. Ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтауға уәде етемін. №24 мектеп басшылығана және ұстаздарыма алғысым шексіз».

Оқуда озат, қатарының алды болу кімнің де болса жоспарында болатыны сөзсіз. Жас толқын «Алдағы сынақта үздіктер қатарынан көріну жазсын» деп бір біріне ақжарма тілектерін білдіріп, арман құстарын көкке ұшырды.

Түлектерді құттықтап келген ата-аналардың қатары да қалың, қобалжуы екі есе. Соған қарамастан, бар жылы сөздерімен балаларын қолдап, қолпаштап жатты.

Жүздеріне қуаныш, көңілдеріне шаттық ұялаған 45 түлек алтын ұямен қимастықпен қоштасып, көздеріне жас алды. Бұл сәт мәңгі естен кетпеу үшін естелікке фотоға түсуді де ұмытпады. Айта кетйік, Биыл Оңтүстік қазақстан облысында 11-сыныпты 33766 оқушы бітіреді. 1692 мектеп бітіруші «Алтын белгіге», 1029 түлек үздік аттестатқа үміткер.