Сарығаштық шаруалардың мәселесі шаш етектен. Әлі күнге дейін субсидия ала алмай жүрген дихандардың қаражаттан қиналып отырған жайы бар. Жылыжаймен айналысатын шаруалар көмірден тапшылық көрсе, қырықыққабат егетін дихандар ағын судың жетіспеушілігін айтады. Жер емген ағайын ауданға кезекті іс сапармен барған облыс әкімінен көмек сұрады. Жергілікті билік өкілдері бұл түйіткілдерді шешуде қаншалықты құзырлы?
Сарыағаш ауданындағы қырыққабат өсірумен айналысатын шаруақожалығы 4 гектар жерге орналасқан. Әр түптен бір келідей өнім алатын шаруалар Алматы, Астана қалаларымен қоса Ресей еліне де тауар жөнелтеді. Бірте-бірте бағаның төмендеп жатқанын айтқан шаруалар ағын судан да азап тартып отырғандарын жасырмады.
Бір гектарды алып жатқан жылыжай шаруашылығында қияр мен қызанақ егілген. Әр түптен дихандар 4-5 келі өнім алады. Кешен көмірмен жылытылады. Шаруалар биыл қатты отыннан тапшылық көріп отыр.
Жергілікті билік өкілдері көмірді жеткізуде түйіткілдер болғанын жасырмайды. Бұл мәселені шешуде барымызды салып жатырмыз деп сендірген шенеуніктер субсидия мәселесіне келгенде ашып ештеңе айта алмады.
Еңбекке бейім сарығаштық шаруалар биыл жылыжай мен қарқынды бақтың көлемін де арттырған. Бүгінде инфрақұрылымы жүргізіліп жатқан 300 гектарға жаңғақ егеміз деп құлшынып отыр. Тек несібесін жерден іздеген қауым үшін аса маңызды су мен субсидия, қатты отынның әлегі тірлікті тығырыққа тіремесе деңіз.