Мақтарал ауданында биыл 138 мыңға гектар жердің 80 мыңнан астам бөлігіне мақта дақылы егілген. Ділдабеков ауылдық округіндегі шаруашылық былтыр қарбыз өсірсе, ағымдағы жылы мақта еккен. Өңірлерді аралаған облыс басшысына құрылғанына он жыл болған шаруашылықтың төрағасы мемлекеттен көмек алып отырғанын айтты. Тыңайтқыш, жанаржағармай, судан тапшылық болмағанымен ауа райы биыл алаңдатып отырғанын жасырмады.
Еркебай Айдаров : «Ауа райы жылынбай қойды.Алайда мұндай ауа райы тек Оңтүстік өңірінде емес, бүкіл Қазақстанда. Салқын болғандықтан, мақтаның өсіп жетілуіне кері әсерін тигізуде».
Диқан өлкедегі тозығы жеткен каналдар жөндеуден өткені үшін биліктегілерге ризашылығын білдірді. Өңір басшысы Өркенді елді мекеніндегі жөндеуден өткізілген «К-28» каналында атқарылған жұмыстар барысымен танысты. Ауданда екі жарым мың шақырымды құрайтын бір мыңнан астам канал егістік жерлерге кедергісіз су жеткізуде. Бұдан бөлек, су шаруашылығында ағын су жеткізетін 5 канал қайта құрылымдаудан өткізіліп жатыр.
Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі: Жансейіт Қансейтұлы, біздің солтүстік коллекторымызды тазартуға көмектесіңіз. Өйткені оның төменгі бөлігінде ақау пайда болып, индустриалды аймақта бір метр тереңдікте жер қазсаң су шығуда.
Тоқтамыс Молдағалиев, Қазсушар РММ ОҚФ директорының орынбасары : » Мәселені білеміз.Республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, ұңғыма орналастырып коллекторды жөндеуге болады».
Әкім жәрдем беруге уәде берді. Аталған су жүйесінің жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайды. 2017 жылы құрылысы толық аяқталған каналдың қайта құру жұмыстарына 632 миллион теңге қаржы жұмсалған. Су ресурсын үнемдеу үшін тамшылатып суғару әдісін егістік жерге кеңінен ендіру қажет дейді Жансейіт Қансейітұлы. Бүгінде осы технология облыстағы 2 мыңға жуық гектар жерге ендірілгенін атап өтті.