«Соңғы үміт «Нұр Отан» партиясында»…

508

Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ елді  мекенінің тұрғыны Молдабай Қонарбаев қоғамдық қабылдауға бірнеше рет келген. Осыған дейін туған жерінің күрмеулі мәселелесін айтып, біразын орындатып алған. Бұл жолы өзі тұратын елді мекенге ауыл статусын беруді сұрай келіпті.

Молдабай Қонарбаев, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Ауылда мектеп жоқ, балаларымыз интернатта оқиды. Жастар тұрақтамайды, қалаға кетіп қалады. Келіндердің өздері жағдай жасалмағандықтан кетіп қалуда. 20-дан астам түтіні бар ауылға » Отан» атауын бір келгендеріңізде депутаттар беріп кетті. Енді сол Отанымызды сақтап қалайық. «Болашағы жоқ ауыл» деп жергілікті  билік инфроқұрылым тартпай отыр. Көшейін десек, маңдай терімізбен салған үйімізді тастағымыз жоқ. Бір көмек көрсетіңіздер. Ауылға статус берілсе, барлығы болады дейді ғой».

Қабылдауға арнайы шақыртылған атқамінерлер мәселеге қанық. Жерлестеріне жағдай жасау үшін үкімет тарапынан қаржылай қолдау қажеттігін айтады.

Нұрғали Айтбеков, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары: «Ия, бұл мәселе барлық деңгейде қаралды. Үкімет тарапынан  ауылға статус беріліп, ауылды ұстап тұруға 1 млрд.- тан астам қаржы бөлінсе, біз тиісті жұмысты атқарамыз».

Инфрақұрылымы толық жетілген көрші Мәдениет ауылына қоныстандыру мәселесі де қарастырылған. Алайда бұл шешім 20-дай отбасы тұратын ауылдағылардың көңілінен шықпай отыр.

Төлеген Дәрменов, Мыңбұлақ ауыл округінің әкімі: «Бұл мәселені шешу үшін, комиссия құрып ауылдағы тұрғындармен жиын өткізу керек. Оларға барлығын түсіндіру қажет. Ауылдағы жағдайды толық анықтап, тиімді жағын қарастыру керек сияқты».

Ал қабылдауға келген шымкенттік Қасым Мәліков несиелік қарызын жабуға бір жарым жыл уақыт мерзім беруді сұрануда. «Нұротан» партиясына үміт артқан азаматтың мәселесі шешілетін болды. Кепіл бере алатын туысы бар болса, төлеу мерзімі шегерілетін болып шешілді.

Қала тұрғыны Рахметулла Халниязұлы жоғары оқу орнында оқитын қызын ақылы бөлімнен грантқа ауыстыруды сұранып жүр. Алайда білім ордасының өкілі студенттің үштік бағасы болғанын алға тартып, ректордың қабылдауына жазылуға ұсыныс жасады.

Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылынан жеткізілген бірінші топтағы мүгедек Досбол ақсақал баспана сұрап келіпті. Алайда кезекте болмаған азаматқа үй берілмейтіні түсіндірілді.