1 мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесі Шардара ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Қызылды-жасылды киінген қала тұрғындары мен қонақтары таң азанымен «Алты алаш» алаңы мен «Тұңғыш Президент» саябағындағы думанды шараға ағылып келе бастады.
«Тұңғыш Президент» саябағында қаладағы білім ошақтары әр ұлттың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырса, балабақша ұжымдары елімізді мекендейтін этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарын дастарханға қойысты.
«Алты алаш» алаңында «Халықтар достығы» шеруі өткізілді. Шеруді аудандық балалар саз мектебі мен аудандық Оқушылар үйінің қызметкерлері мен ондағы үйірмелерге қатысатын оқушылар бастап шығып, ары қарай дербес бөлімдер мен мекеме, ұйымдар жалғастырып жатты.
Мерекеге жиналған көпшілікті сахна үстінде аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтады. «Құрметті жерлестер ! Сіздерді достығымыз бен татулығымызды, бейбітшілігіміз бен мызғымас тұрақтылығымызды білдіретін айтулы мереке – 1 Мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елімізде 1995 жылдан бері 1 мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күні ретінде мерекеленіп келеді. Мұның көпұлтты еліміз үшін мән-маңызы ерекше. Елбасының көреген саясатының арқасында елімізде бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ғасырға бергісіз жасампаз 26 жылда Қазақстан шын мәнінде, бейбітшілік белдеуіне айналды. Жас мемлекетімізде аз жылдарда тұрлаулы қоғам орнап, тұрақтылық орнықты. Біз мемлекеттің тәуелсіздігі және оның алғашқы жетістіктері этникааралық келісім саясатының, табанды да мақсатты жүргізілген жұмыстың нәтижесі деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің ауданда 22 ұлттың өкілдері тұрады. Олар негізінен Қызылқұм өңірін игеруге бұрынғы Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келіп, бүгінгі күні Шардараның байырғы тұрғынына айналып отыр. Оларды ұлтына, дініне қарап бөлуге ешқашан жол берілген емес, сондықтан да бізде ұлтаралық келіспеушілік орын алмаған және алдағы уақытта да алмайды деп сенемін. Көпұлтты тың игерушілердің қажырлы еңбегінің арқасында Қызылқұм өңірі игерілді, бұл –халықтар достығының шынайы көрінісі. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деп халқымыз осындай игі істерді айтатын болар», — деді Болатбек Дүйсенбекұлы.
Мереке барысында «Шардара» мектеп-лицейінің оқушылары флэш-моб ұйымдастырса, Мұрат Қоңырбаев, Айзада Әлімбек, Айман Керімбекова сынды әншілер әуелете ән салды. Аудандық балалар саз мектебінің бишілер тобы «Достық» биіне мың бұрала биледі.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі