2018 жылғы маусымның 11-нен 12-не қараған
түн – қасиетті Қадір кеші
Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Құрметті мұсылман қауым! Барлықтарыңызды қасиетті Қадір кешінің келуімен шын жүректен құттықтап, Алла Тағаладан Ел амандығын, жұрт тыныштығын, дінімізге қуат, отбастарыңызға береке-бірлік, барша мұсылман халықтарына Жаратқанның жақсылықтары дарысын деп тілеймін.
Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды. Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші.
Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Бұл түнді қарсы алуда ислам діні нені талап етеді? Қадір түнін қалай өткізу керек? Әбу Хурайра (р.а) жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с): «Кім Қадір түнін оның артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп құлшылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі» ( Имам Бухари).
Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінен оқып білгеніміздей бұл түні – Аллаға тасбих (еске алу және мақтаулар) айту, нәпіл намаздар оқу, 20 ракат тарауих намазын оқу, Құран оқып насихат айту сияқты ғибадат түрлерімен шұғылдану дұрыс. Осы түні ораза айы хақында түскен Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін жаттап, балаларыңызға, немерелеріңізге насихаттап, көпшілік орында уағыздар айтылғаны да ғибадат.
Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші рамазан айының 26 -нан 27 — не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.
Бұл кеш — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның қадыр сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар мәселе. Қадір түнінде мұсылмандар біргелікте топ-топ болып, жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне
дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадір кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады.
Жалпы, бұл рухани кеш — адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.
Сондай-ақ, Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады. Осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру — ең жақсы амалдардың қатарына жатады.
Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!
Мұхамеджан Естеміров,
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имам орынбасары