Бас мүфтидің мешіттердің ашылуына қатысты үндеуі

124

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

АСА ҚАМҚОР ЕРЕКШЕ МЕЙІРІМДІ АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН БАСТАЙМЫН!

Құрметті бауырлар!
Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды», – делінген.
Міне, Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады.
Алайда карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет.
Қуанышты хабар 2020 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздегі барлық мешіттеріміз арнайы санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады.
Осы уақыттан бастап мұсылман қауымының жеке құлшылық жасауына, Құран оқытып, неке қидыруына болады.
Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлайтын боламыз.
Жеке құлшылық кезінде, Құран оқыту, неке қидыру рәсімі барысында карантин талаптарын қатаң ескерулеріңізді сұраймыз. Өзімізге қамқорлық – өзгелерге қамқорлық екенін естен шығармайық.

Қадірлі қауым!
Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтуі сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды.

Ауызашар асы тегін таратылды. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын!
«Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін.
Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, мешіттерімізді жамағатқа толтырып, берекелі, мерекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ
БАРЛЫҚ МЕШІТТЕРІНДЕ АТҚАРЫЛАТЫН ІС-ШАРАЛАР

Мешіттерде жеке намаз оқуға қойылатын талаптар:
Тек жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етіледі. Мешіттерде жамағатпен (бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы) намаздар оқылмайды;
Мешітке жеке құлшылыққа келген ерлер мен әйелдер ұзақ уақыт мешітте болмауы тиіс. Мешітте болу уақыт ұзақтығы – 15 минут;

Намаз оқушылардың арақашықтығы 1,5 метр болуы керек және арнайы белгіленген орындарда намаз оқып, намаз оқып болған соң мешіттен бірден шығып кетуі тиіс;
Мешітке келетін адам санын діни ғимараттың жалпы пайдалы ауданының 30 пайызынан артық толтырмауы керек;
Мешітте қол алыспау керек;
Мешіттерде ауа алмасу жүйесі жақсы жүру үшін барлық есіктерді ашып қою қажет;
Әр 3 сағат сайын намаз оқитын залдарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет;
Намаз оқитын залдарда имамдар және намаз оқитын адамдар міндетті түрде бетперде және медициналық қолғаппен жүруі керек;
Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балалар намаздарын үйлерінде оқығаны абзал;
Мешіт дәретханаларын қолдану барысында арақашықтықты және сантитарлық талаптарды сақтауы тиіс;
Мешіттің кіреберісінде тұрған антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
Мешітке кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Мешітте Құран оқытуға қатысты талаптар:
Құран оқыту бөлмесіне 10 адамнан артық кіргізбеу;
Құран оқытуға келушілердің араларында 1,5 метр қашықтықтың сақталуы және келушілердің арнайы белгіленген орындарға отыруы;
Құран оқитын бөлмелерде имамдар және келушілердің міндетті түрде бетпердемен отыруы;
Гигиеналық талаптарға сәйкес бата жасау (бет сипау және т.б.);
Әр 3 сағат сайын Құран оқитын бөлмені желдетіп отыруы;
Құран оқитын бөлмеге кірмес бұрын антисептикалық құралдарды пайдалануы;
Құран оқитын бөлмеге кіру бөлек есіктен және шығу бөлек есіктер арқылы болуы тиіс.

Неке бөлмелеріндегі іс-шараларға қатысты талаптар:
Неке қиюға шариғат талаптарына сәйкес, неке бөлмесінде куәгерлерден басқа адамдар болмауы тиіс;
Неке қиюшылардың аралары 1,5 метр қашықтықты сақтау және арнайы белгіленген орындарға отыру;
Неке залдарында имамдардың және келушілердің бетперде және медициналық қолғаппен болу керек;
Неке қиып болған соң бірден мешіттен шығуы керек;
Неке қию бөлмесіне кіруден алдын антисептикалық құралдарды пайдалану қажет;
Әр 3 сағат сайын неке залдарын залалсыздандыру қажет.

ҚАДІР КЕШІН ҮЙДЕ ӨТКІЗІЛЕДІ

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін мешіттерде атқарылатын шаралар туралы, құлшылық үйіне келуші азаматтарға қойылатын талаптар жайында баспасөз мәслихатын өткізді.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір кешін үйде өткізуге шақырды.

ҚАДІР КЕШІН ҮЙДЕ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ

Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара.
Әрбір облыстағы карантин жағдайының деңгейі әртүрлі. Біз Бас санитар дәрігердің карантин режимінің кезең талаптарын сақтау жайлы қаулысын ұстанамыз. Сонымен қатар өңірлердің коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Демек қаулыға сәйкес, аймақтағы мешіттерімізді кезең-кезеңмен ашамыз.

МЕШІТТЕРДЕ ЖАМАҒАТ БОЛЫП НАМАЗ ОҚУ ТУРАЛЫ

Карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара. Ал жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарланады.

ҚАДІР КЕШІН ӨЗ ҮЙЛЕРІҢІЗДЕ
ӨТКІЗУГЕ ШАҚЫРАМЫЗ

Биылғы Рамазанның қасиетті Қадір кеші мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп отыр. 19 мамырда мешіт таңғы сағат 7:00 мен кешкі 20:00 аралығында жұмыс істейді. Осы ретте баршаңызды Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізуге шақырамыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара болып саналады.

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар, «құдырет» мағынасын қамтиды.

Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші.
Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.

Қадір кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадыр түнінде отыз мыңға дейін жетеді», және де «Кім қадыр түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі»- деген.

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші рамазан айының 26 -нан 27 – не қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі.
Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның Қадір сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Алла Тағалаға құлшылық етуімен бара-бар деген сөз.

Биылғы жылы төтенше жағдайға байланысты Қадір түнін өз үйлерінде өткізуге шақырамыз. Жалпы, бұл рухани кеш – адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш. Сондай-ақ, қасиетті Қадір кешінде мынадай орындайтын амалдар бар:

• Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
• Құптан намазында 20 ракат тарауих намазын оқу;
• Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пайғамбарымыздың өмір тарихын оқу;
• Қадір кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазы оқылады. Бұл төрт рәкәт намазға былайша ниет етіледі: «Я Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкәтта «Фатиха» сүресі, бұдан кейін үш рет «Қадыр» сүресін оқу. Екінші рәкәтта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші ракаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Немесе өзі білетін өзге де сүрелерді оқи берсе болады. Осы намазды оқып болған соң Алла тағаладан өзімізге барша адамзатқа, отбасымызға амандық, ризық несібе тілеп, бұл дүниенің және ахыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.

• Тәспі тарту;
• Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіліп оқылады.
• Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
• Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.

Осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен құлшылықтарымызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин!