Нұр Отан партиясының облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы жұмысын жалғастырады

Сайрам ауданының тұрғыны Бақтықыз Арысбаева нұротандықтар қолдау көрсететініне сенімді. Сондықтан да арызын жазып, тіркетпек. Көпбалалы ана облыс орталығының Түркістанға көшетінін теледидарлардан естіген, келесі қоғамдық қабылдауға Түркістанға барамын ба деп уайымдаған еді. Бірақ алаңдауға негіз жоқ екендігін білген тұрғын көңілі толып, баспанаға мұқтаждығы жайлы арызын тастауды ұйғарыпты.

Бақтықыз Арысбаева, Сайрам ауданының тұрғыны: «Жеті балам бар. Баспанамыз жоқ. Қиналып кеттік. Сол бүгін  «Нұр Отанға» келіп,  арыз жаздым. Көмектеседі деген үмітім бар».

«Нұр Отан» партиясының облыстық филалы Түркістанға көшетіні анық, алайда жұмыс тоқтатылмайды дейді осындағылар. Қоғамдық қабылдаулар кестеге сәйкес жалғасады. Қабылдауды облыс мәслихатының депутаттарынан бастап сала басшылары жүргізеді.

Нұрмахан Жолдасов, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Көшетініміз рас, алайда   мерзімін дөп басып айта алмаймыз. Адамдар көптеп келуде. Қоғамдық қабылдау Түркістанда өтсе, қалай жетеміз деген сияқты. Облыс филиалы болғандықтан әрине, көшеміз, бірақ  осында да жұмыс жалғасады. Қоғамдық қалыдаулар өтеді, арыздар қабылданады. Уайымдауға еш негіз жоқ».

Сондықтан да, облыс орталығы көшсе де, көшбасшы партияның филиалдары жұмысын ары қарай жалғастырады. Шалғайдағы Мақтарал, Шардара, Сарыағаш аудандарының тұрғындарының мәселелері еш күрделіксіз Шымкенттегі өңірлік филиалда шешімін табады.