Жаңғырық айдарының бүгінгі тақырыбы қазақ халқының ертеден келе жатқан салтының бірі «қалың мал» жайына арналады. Құда түсу рәсімі болып, екі жасты қосу шешімі тағайындалғаннан кейін дала заңы бойынша күйеу жігіт жағы қалың төлеуі тиіс болған. Бүгінде қалың мал төлеу еліміздің әр өңірінде әртүрлі жүзеге асады. Тіпті оңтүстік өңірінің әр аудан-қаласында әр басқа.
Бұрын қалың мал қалай төленген?
Тақырыпқа терең бойламас бұрын алдымен осы сауалға жауап іздедік. «Тең теңімен, тезек қабымен». Бұрындары да қалыңды әркім шама шарқына қарай төлеген. Ірі байлар арасында қалың мал мөлшері 200 жылқыдан 500 жылқыға дейін жеткен. Бақуаттылар мен билер, хан мен төрелер арасында үйір-үйір жылқыға түйе де қосып берген. Тіпті, кейбір деректерде қызына қызмет көрсететін күңімен қоса бір құл да қосатыны айтылады. Осылайша қазақ қоғамында қызға төленетін қалыңның да неше түрі болған. Қалың арқылы бай-бағландар өз дәулетін білдіріп, айғақтап келген. Дегенмен қыздың жасауы да қалың мал мөлшерінен кем болмайды. Қалың алғаннан кейін қыздың отбасы да төрт түлік малымен қатар, төсек-орын, текемет, сырмақ сияқты үй жағдайына керек заттарын жасаған. Әшекей бұйымдарымен қоса, қамзол, етік, бүрмелі көйлек, шапан, кәмшат бөрік сынды бір киер киімдерін де берген. Осылайша екі жақтың шығыны жас отбасының үй болып, аяққа тұрып кетуіне жұмсалған.
Оңтүстікте ең жоғары қалың мал қанша?
«Қалың мал» десе ең алдымен оңтүстік жұрты ойға келеді. Салтымыздың бұл түрі өңірімізде әлі күнге дейін жалғасқанымен заман талабына сай біршама өзгеріске ұшырағаны анық. Тақырыпқа қатысты сауалнама жүргізу барысында білгеніміз — «қалың мал» қыз алушы жақтың дәрежесі мен дәулетіне байланысты беріледі екен. Екі жақ жағдайларына қатысты келісіп шешеді. Яғни, қалың беретін жақты қинайтын, қатып қалған бір бағаны айтпайды. Өйткені жігіт жақ қалың берсе де қыз жақ міндетті түрде кит кигізеді. Осылайша жаңадан шаңырақ көтерген екі жастың отауына қажет заттарын толықтырып береді.
Дегенмен Оңтүстік аудандарында қалың мал ақысы әрқалай. Мәселен, күнгейдегі ең жоғары қалың төлейтін мекен – Жетісай аудандары. Олай дейтініміз — ол жақта ең төменгі қалың 500 мың теңгеден басталып, бір миллионға жетеді екен. Ал салтанаты жарасқан отбасылар бұдан да жоғары беретін көрінеді. Жетісайды өкшелеп келе жатқан аудан Мақтаарал ауданында да ең жоғары қалың 1 миллион теңгені құрайды. Төлеби, Бәйдібек, Сарыағаш аудандары миллион бермесе де 700-800 мың теңге төлейді екен. Ал өңіріміздегі қалың мал мөлшері төмені — Түркістан, Арыс қалалары. Бұл жақта қалың мөлшері 500 мың теңгеден аса қоймайды. Ал Шымкентте 500 мың теңгеден басталып, бірнеше миллион теңге төлейтіндер бар. Бұл тек қалыңға берілетін ақша. Мұның сыртында, сүт ақы, той мал, күйеу алып баратын ілу, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады.
Қазір қалың мал керек пе?
Сауалнама барысында қыздарға «Қалың мал қазір қажет пе?» сауалын қоюды ұмытқанымыз жоқ. Алайда пікір білдірушілердің ойы екіге бөлінді. Бірі мұны «ескіліктің белгісі» десе, енді біреулері ертеден қалыптасқан ерекше салт екенін алға тартты. Араларында қалыңды «қыз сату» деп түсінетіндердің барын, қызы үшін аспандаған соманы сұрауды доғару керегін айтқандары да болды. Әр отбасы өз шама-шарқына қарай төлеуін құп көретіндері де жетерлік. Дегенмен қанша қалың берілсе де қыз артынан баратын жасау да соған сай болуын ескерткендер де бар.
«Қалыңсыз қыз болса да кәдесіз қыз болмайды»
Қалың төлемесе де ата салттан аттамау үшін күйеу жақ қыз жаққа міндетті түрде кәде сыйын жасайды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында келін аларда қалың төленбейді. Десе де ата-анасына міндетті түрде кәде сыйлары беріледі. Осы орайда басқа облыстарда қалың мал төлеу салты қалай жүзеге асырылатынын айта өтейік.
Семейдің тумасы Ғайша Әлібекова өмірлік бақытын Астанадан тапқан. Ол ұзатылар алдын өзіне қалың мал төленбегенін айтады. Дегенмен ана сүті ақысы міндетті түрде беріледі екен.
«Маған сырға салуға келгенде анам мен жігітімнің анасы сөйлесті. Сол кезде менің анам «ана сүті ақысына 100 мың теңге алып келіңіз» деп айтты. Бұл менің отбасымның сұрағаны. Осы күнге дейін «ана сүтіне 2000-3000 доллар сұрапты» дегенді естімегенмін. Негізгі мөлшері сол 100-150 мың теңге шамасында болады. Алайда жағдайы өте жақсы отбасы болса әрине көптеу беретін шығар. Сол жағын біліп кетпедім. Анам сонымен қатар, әулеттің үлкендеріне алтын салу керегін де айтыпты. Өзім 2015 жылы тұрмыс құрдым. Семей жақта кит салу дәстүрі бар. Бірақ бізде екі отбасының келісімімен бұл дәстүрді жасамадық. Екі әулет те жинаған қаржысын бізге берді. Өз керегімізге жараттық. Ал «жасау алып келу» деген ол бар. Қыздың ата-анасы жасауын міндетті түрде береді. Мысалы маған біздің жатын бөлме жабдықтарымызды түгелімен алып келді. Және ыдыс-аяқ болады. Оңтүстік өңірі сияқты төрт мезгілдің киімін апару деген біз жақта жоқ»
Астанада: «әке күші» мен «ана сүті ақысы»
Ал елордалық Арайлым Серіктің айтуынша, Астана қаласында да қалың мал жоқ. Алайда кит кигізу дәстүрі баяғыдан қалыптасқан. Екі жақ бір-біріне жағалы киімдер мен қоса алтындарын міндетті түрде тағады. Бұл құдалық кезде атқарылатын дәстүр.
«Біз жақта «әке күші» және «ананың сүт ақысы» дегендерді ақшалай береді. 200 мың теңгеден басталады. Мұны жігіт жақ сырға салу рәсімі кезінде әкеледі. Яғни бір ірі қара малдың құнына тең болады. Дегенмен, бұл ақыларды әркім әр қалай береді. Жағдайы жақсы отбасылар көп беретіні анық. Ал қыздың отбасы жасауын міндетті түрде береді. Өйткені бұл – көне салтымыз. Бірақ киім-кешек бермейді. Тек күнделікті тұрмыс-тіршілікке керек заттарын береді. Мәселен жатын бөлме дүниелерімен қоса ас үй жабдықтары және шаңсорғыш, кір жуатын машина сынды заттар кіреді. Шыны керек, біз жақта қыз бергеннен көрі қыз алғандар ұтады»
«Әркім көрпесіне қарай көсілсін»
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, 2 баланың анасы Жәмилә Сірке қалың мал дәстүрінің орындалуын дұрыс деп біледі. Алайда әркім көрпесіне қарай көсілу керегін айтады.
«Өйткені Оңтүстікте қалың мал 500 мың теңгеден басталады. Тіпті өзімнің жақын құрбымды ұзатып аларда жігіт жақ 3 миллион қалың мал алып келген. Өйткені олар бизнесі бар бақуат тұратын адамдар.Ал, ұзын құлақтан 5 миллионға дейін жетеді дегенді естиміз. Мен өзім ата-бабамыздан атқарылып келе жатқан дәстүр әлі де жалғасуын қалаймын. Жігіт жақ қалың бергенімен оның қызығын қыздың ата-анасы көрмейді. Сол ақшаның үстіне ақша қосып қызының жасауын алады. Сондықтан да «қалың мал» берілуі керек. Қалың қанша көп төленсе жасау да соған сай болады. Әйтпесе онсыз да баға жетпес асылын беріп отырған ата-ана «жасауына» деп тағы «шығындалады ғой. «Бұл дәстүр баяғыдан осындай шығындарды ескеру арқылы жасалынған» деп ойлаймын. Барлығы да шаңырақ көтерген екі жастың бақыты үшін ғой. Сол үшін де қалың мал беру дәстүрі орындала беруі керек»
«Қалың мал – қыз абыройы»
Жамбыл облысының тұрғыны Кәмшат Жиенбай «қалың мал – қыздың абыройы» деп санайды. Айтуынша, қыз оқыған-тоқыған, жоғары білімді болса қалың малы да соған сай көбейеді екен. Тіпті бір емес, бірнеше дипломы бар болса қалың мөлшері де артады.
«Дегенмен, қыз алатын жақтың тұрмыстық жағдайы да ескеріледі. «Нақ осындай ақша алып келмесеңіз, қыз бермеймін» деген жоқ қой енді. Екі жастың бақытын саудаласып шешпейді. Алайда, қыздың біліміне, жұмыс орнына қатысты қалыңы да көп болады. Мәселен ініме келін алатын кезде қыздың магистр дәрежесі болғандықтан қалыңға 1 миллион 200 мың теңге бердік. Апаратын қойымыз бар, оған ата-анасына сыйлықты қосыңыз. Осылайша барлығын домалақтағанда бір жарым миллион теңгедей болды. Бұдан бөлек кит пен әулет үлкендеріне, қыздың бірге туғандарына беретін сыйлықтарды қосқанда қыз алу шығыны 2 милиион теңгеден асып жығылды. Қыз жақ соны алып. шалқайып отыра қалған жоқ, әрине. Жасауымен қоса киім-кешегін алып келеді. Және жігіт жақтағыдай көп болмаса да біздің әулеттің үлкендеріне де алтын тағады. Сонымен екі жақтың шығыны шамалас болатыны анық»
«Бізде әулеттің бар үлкеніне алтын салмайды»
Әсем Айтолла Петропавлда да тек ана сүті ақысы берілетінін айтады. Оның мөлшері 50 мың теңгеден басталады екен.
«Бізде әулеттің үлкендерінің барлығына алтын салмайды. Және кит те қоймайды. Тек қыздың ата-анасына жағалы киім беріп, алтын тағады. Ары қарай екі жақтың ата-анасы сол балары үшін жиған-тергенін ақшалай екі жастың қолына ұстатады. Кейін сол қаржыны қайда жұмсайтынын жастардың өзі шешеді. Жиналған қаржыға байланысты бірі пәтер алса, енді бірі машиана алады деген сияқты. Ал, сондай бір көп ақша болмаса пәтердің бастапқы жарнасына салады. Әркім жиналған қаржы көлеміне сай қажетіне жаратады»
Алматы мен Атыраудағы қалың құны?
Алматы қаласы және Алматы облысында қалың мал құны аса қымбат емес. 300-500 мың теңге аралығында болады екен. Алайда шаңырақ көтеру тойларында екі жақ бірігіп жастарға бағалы сыйлық ұсынады.
Ал Атырауда қыздың ата-анасына той малы беріледі. Мал ұстамайтындар бір ірі қара малдың ақысын төлейді. «Ана сүтінің парызы» деп қаржылай сый жасайды. Ана сүті 100 мың теңгеден басталады,-дейді Атырау қаласының тумасы Айжан Мәлік.
Ақтөбеге келер болсақ, мұнда «қалың мал» деген салт жоқ. Ақтөбеліктер екі жастың бақыт тойын дүркіретіп өткізеді. Олардың басты шығыны осы тойда жұмсалады. Ал ана сүті ақысы міндетті түрде беріледі. Мөлшері 150 доллардан басталады.
Сонымен әр елдің салты басқа. иттері қара қасқа. Қандай салтпен болмасын әр өңірде өзіндік жөн-жоралғысы жасалады. Дегенмен оңтүстік өңірі қалың мал төлеуден көш бастап тұр.
Қадірменді оқырман, ұлтымыздың ертеден бүгінге жеткен салты – қалың мал туралы сіздің ой-пікіріңіз қандай? Сіз білетін және қандай өзгерістері бар? Газетіміздің WhatsApp нөміріне хабарласып, не редакциямызға қоңырау шалып, электронды поштамызға хат жазып, ой бөлісіңіз.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Мұхамеджан Естеміров, облыс имамының орынбасары:
«Қалың мал» деген шариғатта бар нәрсе. Олай дейтініміз — Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадиша анамызға үйленген кезде белгілі бір деңгейде арнайы қалың мал төлеген екен. Қалың малды адамдар қызды сату деп түсінбеу керек. Бұл деген кәде сый, қыз баланың ата-анасына деген құрмет болып қабылданады. Шариғатта күйеу жігіттің қалың малға беретін сыйлығын «мәхір» дейді. Ол біздің мәзхаб бойынша 5 грамм алтынның құнына тең болсын делінген. Яғни, қазақ халқындағы сүт ақысы, қыздың ақысын мүмкіндік болып жатса, берілу керек. Бұл «қызымыз қадірлі, бағалы болсын» деген түсінікті білдіреді. Және қызын қалың малсыз беруге де болады. Бұл екі жақтың ата-анасының келісімімен жүзеге асатын жағдай. Шариғатта «міндетті түрде қалыңсыз қыз бермейді» деген талаптар жоқ. Тек мүмкіндік болып жатса, қарастырылған. Біздің қазақта «теңін тапса – тегін бер» деген жақсы сөз бар. Екі жас бір-бірін қалап, отбасы мүшелері де келіссе, қалың малсыз-ақ олардың бақыты үшін бастарын қосуға болады. Қазір ажырасу көп қой. Соның бір себебі адамдардың бір-бірімен дұрыс түсініспей қалыңды дұрыс келіспеуінен де болады. Сондықтан, ең бастысы екі тарап келіссе, ары қарай жастар бақытты болады деп ойлаймын.
Жанерке ХУМАР