Кентау қаласында қасиетті айда қайырымдылық шаралары өтуде. Бүгінгі алғашқы концерт «Аялы алақан» жобасы аясында қайырымдылық шарасына арналды. Қаладағы екі бірдей мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып, көмек қолын сұраған Жангүлім мен Бексұлтанның анасы Есіркесін Назеркенің жанайқайына бей-жай қарамаған мəдениет саласы қызметкерлері концерт барысында арнайы жəшік қойып, концертке жиналған халықты қайырымдылық жасауға шақырды.
Жүре алмаса да, жүрегімен өнерді жақын тұтқан кішкентай Жангүлім келешекте əнші болғанды армандайды. Оның сахнаға шығып орындаған əніне риза болған көпшілік көздеріне жас алды.
Екі бүлдіршіннің еміне қаржы қажеттігін естіген көрермендер мүмкіндігінше жəшікке қаржыларын салып, бұл іске немқұрайлы қарамайтындықтарын білдірді. Қайырымдылық концерттен түскен қаржы балалардың анасы Назеркеге табысталды.
Келесі жұма күнгі концерт те Жангүлім мен Бексұлтанға арналмақ. Көмек қолын созамын деуші жомарт жандарды, кəсіпкерлерді концертке қатысып, қос бүлдіршінге қолдау көрсетеді деген сенім бар.