Сотты болғандарды есепке алып, олармен профилактикалық жұмыстарды күшейту керек. Құмар ойынға бой ұрған жастардың тәрбиесіне жіті көңіл бөлінбесе, көп отбасының берекесі кетеді. Мал ұрлығы — жергілікті жердегі басты проблемалардың біріне айналды.
Жиында жергілікті полиция қызметінің жұмысын депутаттар талқыға салды. Облыс мәслихатының кезекті 24 -ші сессиясы алдындағы тұрақты комиссиялардың отырысы күрделі тұстарды қарастырудан басталды.
Облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқықтық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысына облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, БАҚ өкілдері арнайы шықырылды. Күн тәртібіне енгізілген 9 мәселенің өзектісі — жергілікті полиция қызметінің жылдың басынан бері атқарған жұмысы жайында еді. Әдеттегідей, есеп оң көрсеткіштерді баяндаудан басталды.
Әбдіғани Сейдуалиев, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы: «Профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізгендіктен мал ұрлығы, тонау, бопсалау тонау фактілері көрсеткіштері төмендеген».
Жергілікті полиция қызметінің жұмысы басты назарда. Жол ережесін бұзу бойынша 72 мыңға жуық әкімшілік-құқықтық бұзушылық тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 58 мыңға жеткен. Мал ұрлығы аудандарда көбейіп кеткен.
Мәселен, Арыста — 31 пайызға , Кентауда — 50, Отырар ауданында — 28, Шардарада -14 пайызға артқан. Ең сорақысы, 17 жасқа дейінгі жасөспірім қыздардың 500-ден астамы жүкті болып қалған. Бұл ретте, облысымыз Алматы мен Жамбылдан озып көш бастап тұр. Жастардың құмар ойынға әуестенуі де көбейіп барады. Талай отбасының берекесін қашырған бұл дерт те қоғамды жегідей жеп барады. Қаланың көрікті жерлерінде жайғасқан 219 ойынханалардың жұмысын тоқтатар түрі жоқ.
Руслан Айымбет, облыстық қоғамдық кеңес төрағасының көмекшісі: «Құмар ойынға беріліп, анасын, атасын өлтіріп, таңертең ештеңе болмағандай өлі анасының сөмкесінен ақшасын алып қайта ойын ойнауға барған. Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елдімекені есірткі ошағына айналған».
Ойынханалар жастарды тура жолдан тайдырып, қылмыс жасауға итермелейтінін партиялықтар ашына жеткізді. «Бұл тұрғыда жергілікті полиция қызметінің жұмысы сын көтермейді», — дейді олар. Материалдық-техникалық базасын нығайтып, жеке құрамды барынша жасақтаған сайын бұл қызметтің жұмысы, керісінше төмендеп барады. Профилактикалық, тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізбеуінің салдарынан өкінішті жағдайлар азаяр емес.