30 жыл бойы ауыз суға жарымай отыр

596

Мақтаарал ауданындағы Өркенді ауылы 30 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр. Тұрғындар тіршілік көзін бірталай жерден шелегін арқалап, тасып ішуден әбден шаршадық дейді. Тіпті ,аяғы ауыр келіншектердің түсік тастаған жағдайлары да кездесіпті. Ауылдағы мұндай азаптан қашан арыламыз деген жергілікті жұрт біздің арнадан көмек сұрады.

Жұлдыз Жүсіпәлиеваның осы ауылға келін болып түскелі көрген күні осы. Күнделікті кем дегенде 10 мәрте қос шелегін арқалап, көше басынан су тасиды. Өйткені шиеттей бала-шағасына керек. Аяғы ауыр болса да, аптап ыстықта арқаланып жүреді. Былтыр да дәл осылай су тасып жүріп, түсік тастапты. Дәрігерлер құрсағында егіз болғанын айтады. Қазір де содан барынша сақтануға тырысуда. Бірақ шарасыздың күйін кешкен келіншек шекесінен шып-шып тер шығып, әлі де шелегін арқалаумен жүр.

Көше басынан қос шелегін арқалап жүрген тек Жұлдыз ғана емес. Ауылдың қарттары мен жастары да осылай жанын қинап жүр. Тіпті, бұғанасы қатпаған бүлдіршіндердің қолында да желім ыдысты көруге болады. Бұл жағдай күнделікті болатын ауылдың азапты көрінісі дейді жергілікті тұрғындар.

Жергілікті жұрттың айтуынша, ауылда ауыз су құбыры бар. Бірақ ол жекенің қолында екен. Құбырдың суына тек елді мекеннің басындағы қауым ғана қарық болып отыр дейді. Қалған 4 көшедегі 500-ге жуық үй шөл далада қалғандаймыз деп ызалы. Жұртшылық ауылды ауыз сумен түгел қамтуда құрылғының күші жетпесе де, құбырдың иесі алым жинаудан арланар емес деп ашынады тұрғындар.

Ауыл жұрты 25 жылдан бері осы көрген азабымызды жергілікті атқамінерлер біледі дейді. Бірақ айта-айта жағымыз талды деп отыр. Биліктегілерге арнайы барғанымызда, жүйені бюджетке биыл енгіземіз деп уәдесін беріп шығарып салды. Осынша уақыт неге іске аспағанын өздері жақсы біледі.

Ширек ғасыр бойы ауыз судың азабын тартып келген әлеуметтің әлегін енді облыстық мәслихат депутаттары шешуі тиіс. Қалаулылардың су тасып қажыған қалың қауымға қаржы бөлер, бөлмесі алдағы аптада айқындалмақ. Күтейік.

Мақсат Жақсыбаев