Бүгін түлектердің алғашқы легі ҰБТ тапсырды

821

Таңертеңнен Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің алды оқушы мен ата-анаға толды. Түлектер аздап қобалжып, күйгелектеніп күліп, жатар алдында жаттаған сұрақтарын қайталап тұр.

Ал сағат тілі 8:00-ді көрсеткенде түлектер комиссияның рұқсатымен тестілеу өткізу орындарына кіре бастады. Қолдарында тек рұқсатнама, жеке куәлігі мен қалам ғана болуы керек. Жыл сайын артық зат алып кіруге болмайтыны ескертілгенімен, телефон мен шпаргалканы өзімен алып жүру түлектерге үйреншікті нәрсе болып қалған. Оқушылар бір емес, бірнеше тексеруден өтті. Тексерушілер қатал-ақ.

11 жыл бойы алған білім қорын таразыға салатын биылғы түлектердің арасында №100 мектептің түлегі Нұрбосын Байболов та бар. Алдын ала тапсыру сынақтарында үнемі 100 ұпайдан жоғары жинап жүрген бозбала бүгінде жақсы нәтиже көрсететініне сенімді. Тек қоблжу мен қорқыныштың бар екенін жасырмайды.

Нұрбосын Байболов, мектеп бітіруші түлек: «Өте қатты қобалжып тұрмын. Болашағымыз бүгінмен тікелей байланысты. Сондықтан жауапкершілігі де екі есе. Бір Құдайдың өзі қолдасын деп келіп тұрмыз. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын».

Әрі қарай түсірілім топ кіре алмады. «Жұмысқа кедергі жасайсыздар», деді комиссия мүшелері, сондықтан тек сырттан бақылауға мүмкіндік алдық. Сұрап білгеніміздей, барлық аудиториялар байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен толығымен қамтылыпты.

Сондай-ақ, Облыстағы тест өткізу орталықтарының барлығы онлайн режимге қосылған. Сыртта тұрған ата-ата балаларының қалай тест тапсырып жатқанын экраннан көріп бақылай алады. Ата-ана демекші, бәйек болып, бәйгеге қосылған құлындарының тілеуін тілеп төңіректеп жүрген ата-ана да көп болды

Түймегүл Саипова, ата-ана: «Біз балалардан да қатты уайымдап тұрмыз. Барлығына сәттілік тілеймін. Бүгін ауа-райы да қарасып тұр, балапандарымызға салқын болып. Енді нәтижесін күтеміз».

Араға 3 сағат салып оқушылар тестілеуден шыға бастады. Сұрақтар өзгергенімен, қиындық тумады дейді олар. Біз тілдескен түлектердің басым бөлігі өз білімдеріне сенімді екенін байқадық.


Олжас Омар: «Жаңа сұрақтар кездесті, бірақ көбі дайындалған сұрақтар. Аса қиын болды деп айта алмаймын. 120 ұпай жинадым деп ойлаймын».

Тестілеудің алғашқы күні Шымкент қаласындағы екі орталықта, облыс бойынша 19 мектептен 2931 оқушының білім деңгейі сыналуда. Ал жалпы облыс бойынша тестілеу 18 орында өтетін болады. Оның бесеуі Шымкент шаһарында. Оған 22 мыңнан астам оқушы қатысады.

Ал республика бойынша ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу орындарында өтеді. Оған 102 мың 447 түлек қатысады. 2018 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу 15-ші рет өткізіліп жатыр.

Әлия Әділбек