Бізді не күтіп тұр?

463

Қай салада болмасын, елімізде жыл басында және жыл ортасында әлеуметтік салаға қатысты елеулі өзгерістер енгізіледі. Көпшілік «бұл жолы тағы не өзгереді екен?» деп елеңдеп отырады. Басым бөлігін зейнетақы мен жәрдемақыдағы өзгерістер қызықтырады. Осы орайда кәдеңізге жарап қалар деген мақсатта сізге қажет, білуге лайық жаңалықтар мен ақпараттарды топтастырдық.

Зейнетақы көбейеді!

Зейнетақы десе елең етпейтін кісі аз. Әсіресе, зейнеткер мен зейнет жасына жақындағандар бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Жасыратыны жоқ, барлығын да зейнетақы мөлшерінің қанша пайызға артатыны қызықтырады.
2018 жылдың 1-қаңтарында:
– ынтымақты зейнетақы (еңбектік) 8%,
– ал базалық зейнетақы 6%-ға артты.
Осылайша, базалық зейнетақыны қоса есептегенде 2018 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 49 019 теңгені, ал орташа зейнетақы – 71 333 теңгені құрады.
Зейнетақы енді 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгереді. Яғни, базалық зейнетақы көбейеді.
Бұған дейін барша зейнеткерге бірыңғай төленіп келген (15 274 теңге) базалық зейнетақы, енді зейнеткердің еңбек өтіліне және жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңіне сәйкес төленеді. Оның мөлшері 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударылған жарналардың сомасына байланысты болады.

Ендеше төмендегі кестеге қарап, еңбек өтіліңізге сәйкес базалық зейнетақыңыз қанша теңгені құрайтынын біле аласыз.
10 жылдан кем – 0,54 ЕКД (15 274 тг – 2018 ж)
11 жыл — 0,56 ЕКД (15 840 тг – 2018 ж);
12 жыл — 0,58 ЕКД (16 405 тг – 2018 ж);
13 жыл — 0,60 ЕКД (16 971 тг – 2018 ж);
14 жыл — 0,62 ЕКД (17 537 тг – 2018 ж);
15 жыл — 0,64 ЕКД (18 102 тг – 2018 ж);
16 жыл — 0,66 ЕКД (18 668 тг – 2018 ж);
17 жыл — 0,68 ЕКД (19 234 тг – 2018 ж);
18 жыл — 0,70 ЕКД (19 799 тг – 2018 ж);
19 жыл — 0,72 ЕКД (20 365 тг – 2018 ж);
20 жыл — 0,74 ЕКД (20 931 тг – 2018 ж);
21 жыл — 0,76 ЕКД (21 496 тг – 2018 ж);
22 жыл — 0,78 ЕКД (22 062 тг – 2018 ж);
23 жыл — 0,80 ЕКД (22 628 тг – 2018 ж);
24 жыл— 0,82 ЕКД (23 193 тг – 2018 ж);
25 жыл — 0,84 ЕКД (23 759 тг – 2018 ж);
26 жыл — 0,86 ЕКД (24 325 тг – 2018 ж);
27 жыл — 0,88 ЕКД (24 890 тг – 2018 ж);
28 жыл — 0,90 ЕКД (25 456 тг – 2018 ж);
29 жыл — 0,92 ЕКД (26 022 тг – 2018 год);
30 жыл — 0,94 ЕКД (26 587 тг – 2018 ж);
31 жыл — 0,96 ЕКД (27 153 тнг -2018 ж);
32 жыл — 0,98 ЕКД (27 719 тг – 2018 ж);
33 және жоғары —
1 ЕКД (28 284 тг – 2018 ж).

Алайда бұл базалық зейнетақы мөлшері бұл соммамен қатып қалады деген сөз емес. Жоғарыда айтқандай бұған 1998 жылдан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударылған жарналардың мөлшері де әсер етеді.
Айтпақшы, 1 шілдедегі өзгеріс жеңілдік шартпен зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге, яғни 5 және одан көп баласы бар аналарға, Семей полигоны аймағында 1949-1963 жылдар аралығында кемінде 5 жыл тұрған азаматтарға да қатысты. Бұл азаматтарға базалық зейнетақы 63 жасқа толғанда ғана тағайындалады.

Мектепке қабылдау жүріп жатыр

Ата-аналардың құлағына алтын сырға! Бірінші сыныпқа баратын балалардың құжаттарын қабылдау басталып кетті. Енді ата-аналар қағаз жинап әлек болмайды. Қабылдау электронды түрде жүргізілуде. Яғни, үйден шықпай-ақ, баланы мектепке беруге болады. Бірақ ол үшін электронды қолтаңбаңыз болуы шарт. Ал құжаттарды электронды түрде тапсыра алмайтын ата-аналар мектепке барып тапсырады.
Айта кетейік, Шымкент қаласы аумағында орналасқан мектептердің барлығында құжат қабылдау 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында, таңғы 9:00-ден – 18:00-ге дейін жүргізіледі. Түскі үзіліс сағат 13:00-14:00 аралығында.
Десек те, білім бөліміндегілер қыркүйек айына дейін қол қусырып отырмай, құжаттарды ертерек құнттау қажет екенін айтады. Себебі, алдағы оқу жылына оқушы қабылдауда тағы бір ерекшелік бар. Ол – портал арқылы қабылдау. Яғни ата-аналар квота арқылы қалауы бойынша кез келген мектепке жолдама ала алады. Бірақ, квота саны шектеулі. Сондықтан да, қазірден бастап қималдаған дұрыс.

Жәрдемақының жаңа түрі

1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасына қатысты да өзгеріс енеді. Атап айтар болсақ, кәмелет жасына толған, І топтағы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына не қамқоршыларына мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі төленетін болады. Оның мөлшері шамамен — 30 мың теңгені құрайды. Айта кетейік, бұған дейін қаржылай қолдау — 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасына не қамқоршысына ғана беріліп келген. Оның мөлшері — 29 мың теңге болатын.
Жәрдемақы және басқа да атаулы әлеуметтік көмектің көбеюі шілдеде қарастырылмаған. Өзгерістер енді 2019 жылдың 1 қаңтарында болады.

Телефоныңызды тіркетіңіз…

Ұялы телефонды тіркеу керек. Қазақстандықтар жыл соңына дейін қалта телефонның IMEI-кодын ресми тіркеуге міндетті. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл терроризм, телефон ұрлығы, тартып алу сынды заң бұзушылықтардың жолын кесуге сеп болатынын айтады.
Абоненттердің ұялы телефондарын тіркеу 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін тегін жүргізіледі. Кәмілетке толмағандардың (14-18 жас) ұялы телефондары олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен тіркеледі. Ал 14 жасқа дейінгі балалар үшін тіркеуді заңды өкілдері немесе ата-аналары жүзеге асырады.
Ұялы телефонда автоматтандырылған (SMS,MMS,USSD, жеке кабинет) немесе ұялы байланыс қызметін көрсететін оператордың (Аktiv, Тele2, Вeeline, Kcell, 4G Altel) офисі арқылы тіркеуге болады. Ал талапқа бағынбағандардың байланыс құралдары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұғатталады.
Айта кетейік, IMEI-код бұл ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылған 15 санның жиынтығы. Яғни ол байланыс құралының зауыттан шыққанда бекітіп берген жеке нөмірі. Оны *#06#звандау батырмасын басып білуге де болады.

Діндегі өзгеріс

Елімізде бетті тұмшалауға тыйым салынды. Енді қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге рұқсат жоқ. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында ҚР Дін істері және Азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Айтуынша, Бельгияның, Францияның, Аустрияның және басқа да бірқатар елдердің заңдарында осы тектес нормалар бар.
Айта кетерлігі, бұл дінге қатысты емес, сондықтан да құқық бұзушылықтың алдын-алу туралы заңға енгізіліп отыр. Ал заңға бағынбағандар жауапқа тартылады.
Айтпақшы, енді мешіттердегі азанның дыбыс ырғағына да шектеу қойылып отыр. Талапқа сәйкес, пәтерлердің бөлмелеріне шудың ену нормалары сағат таңғы 7.00 ден түнгі 23.00-ге дейін 55-тен 70 дБА (децибел), ал, сағат 23.00 ден 7.00-ге дейін 45-тен 60 дБА (децибел) болу қажет.

Жеңілдіктер бар…

2018 жылдан бастап сайт немесе әлеуметтік желі арқылы тауарын саудалайтын жеке кәсіпкерлер жеке кіріс салығын төлеуден босатылды. Сондай-ақ, олардан корпоративтік табыс салығы да алынбайды. Абай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы Біржан Сәуірбаевтың айтуынша, бұл жеңілдіктер 2025 жылға дейін өз күшін жоймайды. Алайда ол үшін 4 қағида орындалуы шарт.
Біріншіден, айналым жылдық табыстың 90 пайызын құрауы керек.
Екіншіден, алып-сату келісім-шарты тек электронды түрде жүргізілуі шарт.
Үшіншіден, төлем қолма-қол болмауы қажет.
Төртіншіден, өзінің жеткізу қызметі немесе осы бағытпен айналысатын компаниямен жұмыс істеу керек.