«Азаматтарға арналған Үкіметтің» ОҚО бойынша филиалының қызметкерлері халықты ақпараттандыру акциясы аясында екі қабатты автобусқа мініп, Шымкент қаласының түкпір-түкпірін аралады. Сондағы басты мақсат — тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық заманда электрондық анықтамаларды үйден шықпай-ақ, өз бетінше алуға дағдыландыру.
«Жалпы, мемлекеттік корпорация арқылы 621 қызмет көрсетіледі, оның ішінде дәл осы «электрондық үкімет» порталы арқылы 452 қызметті алуға болады. Сонымен қатар бір реттік құпиясөз арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 44-ке артып отыр. Мұның бәрі әрине қызмет түрлерін оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр», — дейді филиал директорының орынбасары Жандос Болат.
Өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру аясында былтырдан бері көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Осы қарқындағы жұмыстар бір сәтке де саябырлаған емес. «Біздің басты мақсатымыз — жыл соңына дейін облыс тұрғындарының цифрлық сауаттылығын 80 пайызға арттыру. Осы орайда түрлі мекемелерге, халық көп шоғырланатын орындарға, ЖОО барып оқыту жұмыстарын жүргізудеміз», — дейді филиалдың PR менеджері Алтынай Сапаралиқызы.Сонымен, кең көлемде ұйымдастырылған іс-шараға қайта оралсақ, әп-сәтте 500-жуық тұрғынға түсіндірме берген мамандар мұнымен тоқтамақ емес. Арнайы ақпараттық парақшалар таратып, мейлінше түсіндіріп, электрондық үкімет порталын қолдану жолдарын көрсетуді жалғастырады.