Депутаттар мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын пәтерлердің бөлінуіне күмәнданып отыр

185

Депутаттар мемлекеттік бағдарламалар аясында тапсырылатын пәтерлердің бөлінуіне күмәнмен қарайды. Сондықтан аудандарда баспана кезегін электронды нұсқаға ауыстыру қажет. Бұл туралы «Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жүзеге асыруға арналған «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы мәжілісінде айтылды.

Әділхан Исабаев, облыс мәслихатының депутаты: «Аудандардан көп арыз түседі. Салынып жатқан үй көп, тізім сол бойы қалады. Тұрған жылынан 4,5 тіпті 10 жылға дейін. Барған жерлерде бәрінде айтылады, тиісті орындардың бәрінде айтылады. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Неге деген сұрақ туындайды. Осы бойынша электронды түрде тізім бар ма? Ол қалай іске асып жатыр?».

Жыл аяғына дейін тағы 780 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2020 жылдан бастап түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 миллион шаршы метр баспаналар ел игілігіне тапсырылмақ. Бүгінде облыс бойынша 60 мыңнан аса тұрғын пәтер кезегінде тұр. Оның тең жартысы шымкенттіктер.

Марғұлан Марайым, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: «Түркістанда — 480, Ордабасыда — 28, Төлебиде — 480, Түлкібаста — 96, Созақта — 50, Сарыағашта — 36. Қалған аудандарда бірде — бір үй таратылмаған».

Нұрмахан Жолдасов, ОҚО-дағы «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі: «Сізге нақты сұрақ қойылды. Электронды жүйеге көшірілді ме? Үйде отырып тұрғындар кезегін біле ала ма?».

Бұл сұрақққа облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым «Жыл аяғына дейін істейміз», деп жауап берді.

Әзірге электронды түрде пәтер үлестіру тәртібі Шымкентте ғана бар. Ашықтықты қамтамасыз ететін жүйе аудандарда әлі күнге жүзеге аспай келеді. Халық қалаулылары келесі жылдан бастап барлық пәтерлердің электронды кезекпен берілуін жолға қоюды ұсынды.