Облыс әкімі ауыз сумен қамту жұмысында кемшілік жіберген аудан-қала әкімдерін сынға алды

Түркістан облысында 737 елдімекен ауыз сумен қамтылған. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жыл соңына дейін жаңадан 22 елдімекен ауыз сумен қамтылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыз су нысандары уақтылы тапсырылмаған және олқылық анықталған Шардара, Ордабасы, Келес аудандары мен Арыс қаласының басшыларының жұмысын сынға алып, қатаң тапсырма жүктеді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірді сапалы ауыз сумен қамтуда кемшілік жіберген жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдерін сынға алып, ескерту жасады. Кем-кетікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті. Нысандары уақтылы тапсырылмаған және олқылық анықталған Шардара, Ордабасы, Келес аудандары мен Арыс қаласының басшыларына жұмысты жандандыруды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз».

Облыстың 91,3 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Биыл 47 нысанда құрылыс жүргізілсе, оның 37-сі жыл соңына дейін тапсырылады. Жыл соңына дейін 22 елдімекен сапалы ауыз су жеткізіліп, нәтижесінде тіршлік нәрімен қамтылған елдімекен саны 759-ға жетеді.

Руслан Мұздықбеков, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Түркістан облысында 737 елдімекен ауыз сумен қамтылған. Қалған 70 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталып кеткен. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, оның 14-інде жұмыс басталып кеткен. 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. 14 елді мекенде барлау жұмыстары жүруде. 29 елді мекенге кешенді-модульдік блок орнатылады».

Сонымен қатар, жиында ауыз су тарифтерін бекіту, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, барлау жұмыстарын сапалы жүргізу, жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды.