Мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы мәслихат депутаттарын алаңдатып отыр. Халық қалаулылары «су жаңа баспаналар асығыс беріледі. Жылдар бойы тұрғын үй кезегін күткен жұртшылық жаңа қонысқа көшкенде-ақ түрлі түйіткілдерге тап болады. Сондықтан да нысанды қабылдау кезінде комиссия құрамына депутаттарды да енгізу қажет», — дейді олар.
Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылау мақсатында өткен кездесуде айтылды.
Мәлік Әбдінұров, Шымкент қаласы тұрғын үй секторының меңгерушісі:
«Қазір қала бойынша 36 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бірнеше категория бойынша пәтерін күтуде. Былтыр 4 жарым мыңнан аса тұрғынды баспанамен қамтыдық, биыл бұл көрсеткішті 5 жарым мыңға жеткізу жоспарда бар.
Қазір шаһарда тұрғын үй құрылысы қыз-қыз қайнап жатыр. Елбасының «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға құжаттар азаматтардан шілде айынан бастап жүзеге асырылатын болады. Бүгінде құрылыс жалпы аумағы 149 мың шаршы метрді құрайтын 2 жарым мыңға жуық пәтер құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 800-ге жуығы жыл соңына дейін беріледі деп күтілуде.