«Инфекциялы балмұздақты бізден сатып алғанына көзім жетпейді»

622

«Нұрсәт» шағынауданындағы құймалы балмұздақ сататын дүңгіршектің өнімдерінен жұқпалы инфекция табылды деп редакциямызға Қаратау аудандық әкімдігі хабарласқан болатын. Түсірілім тобы келгенде құзырлылар камера алдында сөйлеуге тайсақтағанымен, инфекция шыққан дүңгіршекке ертіп барды.

«Нұрсәттегі» 74 а үйдің маңында орналасқан мына құймалы балмұздақ сататын дүңгіршек өнімдерінен инфекция анықталған. Мұны түсіру тобымен бірге келген құзырлылардан естіген тұрғындардың зәресі қалмады. Дереу дүңгіршекті жауып тастауды талап етті.

Валентина Матрофанова, үй тұрғыны: «Төбемізден жәй түскендей болды. Шымкенттегі 188 адамның улануы аз болды ма?! Әрине, дереу жауып тастау керек. Мұнда менің немерелерім тұрады. Тәттіқұмар балаларымның уланып қалуын қаламаймын».

Нұрдос Төлембетов, тұрғын: «Біз қазір ғана естідік. Үйдің жанындағы құймалы балмұздақ сататын дүңгіршектен стафилакокк шығыпты. Күнде балалар осы жерден балмұздақ жейді. Ата-ана ретінде жауып тастағаны дұрыс деп есептеймін».

Инфекция шықты деп шу болған нысанның өкілдері бұл фактіні теріске шығарып отыр. Қайта Қаратау аудандық қоғамдық денсаулық қорғау басқармасы мен әкімдік тарапынан тексеруге жиі ұшырайтындықтарын айтады. 5 жылдан бері балмұздақ сатумен айналысып келген кәсіпкер өнімдерінен стафилакокктың шығуы мүмкін емес дейді.

Эльвира Топашева, «Оңтүстік балмұздақ» нысанының иесі: «Бес жылдан бері «Оңтүстік балмұздақ» атты брендпен жұмыс істейміз. Мемлекеттік құзырлы мекемелерде тіркеуден өтіп, ресми жұмыс бастағанбыз. Керісінше, біз Қаратау аудандық СЭС тарапынан тексеруге жиі ұшыраймыз. Жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Ал, бізден стафилакокк немесе басқадай инфекцияның шығуы мүмкін емес. Шын мәнісінде солай болса, бізді жұмыс істетпей жауып тастар еді. Инфекция шыққан балмұздақты дәл бізден сатып алғанына көзіміз жетпейді».