Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ер адамдар да салдыра алады

39

Биыл адам папиллома вирусына қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енді. Күзден бастап 11 жастағы қыздарға екпе салуды бастау жоспарланған. Мамандар сол арқылы жатыр мойны ісігіне шалдығу қаупі төмендейтінін айтады. Сонымен қатар бұл вакцинаны қажет жағдайда ер адамдар да алады.

Мамандар Қазақстанда жатыр мойны ісігінен қайтыс болатындар саны артқанын айтады. Ал Еуропада көрсеткіш тіптен бөлек. Онда әрбір 18 минутта 1 әйел өмірден өтеді. Соңғы уақытта бұл дерттің көп таралуына байланысты қазір папиллома вирусына қатысты вакцинаны енгізіп отыр. Биыл екпені 11 жастағы қыздарға салу көзделген. Ал дәрігерлер оны 25 жасқа дейінгі нәзікжандылар қабылдай алатынын тілге тиек етті.

«Жалпылама адам папиллома вирусына қарсы екпені 11-13 жаста салу керек дейді. Себебі қыз бала сол кезде жетіле бастайды. Екіншіден оны 25 жасқа дейінгі қыз-келіншектер салуға болады. Тек әйелдер ғана емес, еркектер де салуына болады. Ер кісілердің мүшелерінде 60 пайыз, әйелдердің қынабында 85 пайыз ісікті осы адам папиллома тудырады», – дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары Дәулетбек Жұмағали.

Қазір 21 инфекцияға қарсы Ұлттық егу күнтізбесі бекітілген. Олардың басым бөлігі сәби кезінде салынады. Мамандар соңғы уақытта вирустық аурулардың көбеюі байқалғанын айтады. Сондықтан дәл қазіргі уақытта ұжымдық иммунитет қалыптастыру өте маңызды.

«Ұжымда 90 пайыз иммунитет болу керек. 90-нан кем болмау керек. Ал 10 пайыздың ішінде кімдер болады. Олар ауырып тұрған кезде уақытша немесе тұрақты түрде босатылады. Тұрақтының ішіне қан аурударымен ауырып жатқан, аллергиясы бар азаматтар босатыла тұрады», – дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымға жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспайтын болған кезде ғана баруына рұқсат етіледі. Себебі көрсеткіш асып кетсе балалар бір бірінің денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін дейді мамандар. Сөздерінше уақытылы екпе алу түрлі аурудың даму қаупін 90%-ға төмендетеді.