Ит, мысықтарды оқшаулау орталығында азық мәселесі шешімін тапты

538

Шымкенттегі ит мысықтарды оқшаулау орталығындағы тамақ мәселесі шешілді. Сала мамандарының айтуынша, бұған дейін берілетін тамағы болмағандықтан, жануарларды тұрғындардан өтініш түскенде ғана аулаған. Енді жыл соңына дейін жоспарланған 29 мың ит-мысық орталыққа кедергісіз жеткізілмек.

Бүгінде бұл орталықта 68 ит пен 19 мысық бар. Орталық мамандарының айтуынша, ауланып әкелінген жануарлар міндетті түрде, алдымен суретке түсіріліп, мәлімет сайтқа салынады. Олар туралы хабарлама таратылады. Егер қалалықтар үш күннің ішінде жоғалған итін не мысыған алып кетпесе, тиісті шаралар қолға алынады. Таныса, осы жерден алып кетуіне мүмкіндігі бар.

«Ит, мысық құтыру ауруын таратушы болып саналады. Оларды аулау да оңай емес», — дейді ветеринарлар. Қала бюджетінен 29 мың бас ит, мысық аулауға қаражат бөлінген. Арнайы 5 бригада жұмыс істейді. Бүгіннен бастап жұмыс қайта жанданады дейді әкімдіктегілер. Себебі, жануарларға берілетін азық мәселесі шешімін тапқан. Негізі, иттерге шамамен 15 тоннадай азық қажет.

Ғани Құрманбай, маман: «Бірнеше мәрте мемлеккетік сатып алу конкурсы өтті. Алғаш жеңімпаз атанған екі кәсіпкер міндетін орындамады оларды сотқа бердік. Ал енді бүгін үшінші жеңімпазбен келісімшарт жасаймыз».

Бұл салада тағы бір жаңалық бар. Қаңғыбас иттерді бұған дейін арнайы дәрі оқпен атып ұстайтын. Бүгінде жануарларды тек тормен аулайды. Және ветеринар дәрігерлер қаңғыбас ит мысықтар маза бермесе, 39 39 23, 39 06 20, 32 44 14, 32 44 15 телефондарына хабарласуларыңызға болады деп ескертеді.

Нұрлан Күдерұлы