Қасиетті Ораза айының Қадір түнінде күнгейде 200-ден астам сәби дүниеге келген. Сол түні перзентті болған аналардың дені бүгінде ауруханадан үйлеріне аман-есен шығарылып жатыр.
Қадір түнінде оңтүстікқазақстандық 200-ге жуық отбасы қос қуанышқа кенелді. Түндердің қадірлісінде бір ғана Сарыағаш қаласында 20 сәби дүниеге келіпті. Олардың басым бөлігі ұл бала. Арасында егіз босанған аналар да бар. Дәрігерлердің айтуынша, қадір түні дүние есігін ашқан сәбилер мен аналардың жағдайы жақсы.
Биылғы қадір түні Нағима Асанованың есінде ерекше қалды. Өйткені бұл мереке түнінде ол көптен күткен перзентін дүниеге әкелді. Жасының үлкендігіне қарамастан азаматша жеңіл босанған.
Нағима Асанова, «Қыз баласын дүниеге әкелдім. Жағдайым жақсы. Жасым 39-да. Төртінші перзентімді дүниеге әкелдім. Дәрігерлерге алғысым шексіз».
Оңтүстік аудандарда демографиялық өсім жақсы байқалады. Мақтарал, Сарыағаш, Шардараның шалғай ауылдарында перзентхана тапшы. Осы проблеманы шешу үшін Сарыағаш қаласында алғаш рет перинаталды орталық ашылмақ. Медициналық орталықтың құрылыс жұмыстары биылға жоспарланған.
Сарыағаштың денсаулық сақтау саласындағы басты проблема — орын тапшылығы. Бірақ бұл мәселе 2019 жылы өз шешімін табады дейді бас дәрігер. Өйткені ауданнның орталығындағы аурухана мен емхана келесі жылы толығымен күрделі жөндеуден өтпек.
Лаура Мамырова