Мақтарал ауданы әкімдігі

Мақтарал ауданында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 5-ші маусымында жариялаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы жарлығына байланысты «Елбасының Жарлығы – өңірдің өркендеуі» атты тарихи мерекелік салтанатты кеш өтті, – деп хабарлайды Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Іс-шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, Мырзашөл өңірінің тұрғындарына Елбасымыздың жарлығы туралы кеңінен таныстырды.
Егемендіктің әр жылы елімізбен бірге Мақтаралға да жаңа жеңістер әкелуде. Жаңа құрылымдар, жаңа қатынастар орнауда. Міне, осылай өркендеп келе жатқан үлкен ауданның орнына жаңадан 2 аудан құрылып, Мырзашөл өңірінің дамуы – жоғары деңгейде қарыштамақ.

 

 

Елбасының тарихи Жарлығын оқып, мақтаралдықтарды құттықтау үшін сахна төріне шыққан облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев: «Мен үшін Мырзашөл жері аса құтты, қымбат мекендердің бірі. Мен соңғы кезде қызмет бабымен Мақтаралға жолым көбірек түсіп жүргені рас. Әр барған сайын жаңа істерді, жақсылықтарды көремін, тұрғындарының келешекке деген мақсатты ұмтылысына, іскерлігіне, уақыт ағымына сай қимылына іштей сүйсініп, риза болып қайтамын.

Мақтарал ауданы Елбасы назарынан қашанда тыс қалған емес. Ұлт көшбасшысының 21 жыл ішінде 4 рет Мақтаралға арнайы атбасын бұрып, аудан халқымен жүздесті. Сырдария өзеніне салынған үлкен көпір, мемлекеттік мақта зауыты, су тапшылығына байланысты салынған насосты канал құрылыстары Елбасымыздың тікелей қамқорлығымен салынды, бүгінде халық игілігіне пайдалануда. Құрметті қауым, көп жылдардан бері іріленген Мақтарал ауданын қайта бөлу жөнінде ұсыныс пікірлер айтылып жүргені жасырын емес еді. Енді, міне, Сіздердің өтініштеріңіз Елбасы назарында болып асыға күткен күн де келді. Құрметті Мақтаралдықтар, Елбасы жарлығымен Мақтаарал, Жетісай аудандарының құрылуы құтты болсын! Елбасымыздың тарихи шешімі екі аудан тұрғындары үшін үлкен қолдау,өңірге жаңа серпін береді» – деді.

 

Айта кетейік, жаңадан құрылған Жетісай ауданының жалпы аумағы 104 428 гектар жерді құраса, халқының саны 172 903 адам. Аудандағы 113 елді мекен 13 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы – Жетісай қаласы. Ал, жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының жалпы аумағы 80 970 гектарды құраса, халқының саны 131 781 адам. Аудандағы 69 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілді. Орталығы – Мырзакент кенті.
90 жыл бұрын Мырзашөл даласы қаншама ғасырлар бойы ұшқан құс пен жүгірген аңның мекені болды. Тек кезінде патшалы Ресейдің саналы перзенттері жердің болашағын байқады. Бірақ, олардың мақсаты тек пайда табу болатын. Ал, кеңестік дәуірдің ойы өзгеше болды, оны батыл жүзеге асыра білді.

 

 

1928 жылғы 17 қаңтарда Ташқазақ уезі мен болыстар таратылды. Соның нәтежесінде Сырдария округінің құрамында бұрынғы Иіржар болысының негізінде Иіржар ауданы құрылды. Бұл мәселені ВЦИК 1928 жылғы 3 қыркүйекте бекітті. Қызылқұм болысы да ауданға айналды. Аудан 1928 жылы Иіржар деп аталған және дәл осы жылдың 3 қыркүйегі – ауданның туылған күні.

Мырза дала төсінде маңдай терін төккен 35 жерлесімізге кешегі Одақтың ең жоғары наградасы –Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі тегіннен тегін емес. Бір ғана мысал: 1957 жылы сол кездегі Ильич ауданының 16 еңбек озаттарына бірден Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атақ берілді. Мұндай таңғажайып оқиға кешегі кең байтақ Одақтың көлемінде болмаған ерекше құбылыс. Сондықтан, қасиетті Мырзашөл төсі – өрлік пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың, еңбек пен маңдай тердің құтты мекені.

Ғасырлар бойы тылсым тыныштық құшағында жатқан Мырзашөл төсі, бұйра құм басқан алып дала еңбекқор азаматтардың күш-қуатының нәтижесінде гүлдеп, жайнады. Мақтаарал ауданына енші алып, алғашында Киров (Асықата), Жетісай аудандары бой көтерді. Сол жерлерде 30-дан астам шаруашылықтар орнады, басқа да ондаған өндіріс орнындары ашылды.

Ауданның 90 жылдық тарихында тарихи оқиғалар аз болған жоқ. Мырзашөл өңіріндегі Мақтаарал, Киров, Жетісай атты үш аудан кеңестік кезеңде, яғни 1963 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының шешімімен Өзбекістан құрамына өткізіліп, Қазақстаннан ажыратылды. Арадан он жыл өткен соң ғана әділеттілік орнап, 1971 жылы Өзбекстанның Сырдария облысы құрамынан шығарылып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына берілді.

Қазір Мырзашөл өңірі адам қызығарлықтай өзерген, құлпырған. Бұл алғашқы тың игерушілердің бойындағы өршіл рух, қайсар талаптың жемісі. «Аш дала емес қой бұл (Голодная степь деген сөзге көңілі толмағаны ғой). Мырзашөл ғой, аш шөл емес, мырза елді тойғызатын шөл ғой», – деген екен сонау елуінші жылдың соңында ауданға арнайы келген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов.

Байтақ өңірдегі үш аудан 1997 жылы Елбасының Жарлығына сәйкес қосылып, республикамыздағы ең үлкен ауданның біріне айналды. Содан бері 21 жыл өтті. Тәуелсіздігіміздің алғашқы 10 жылдығында іріленген Мақтарал ауданы Республикадағы халқы өте тығыз орналасқан, алып аудандардың біріне айналды. Іріленген Мақтарал ауданының 182 елді мекенінде 60-тан аса ұлт өкілдері бақытты ғұмыр кешті. Аудан 1 қала, 3 кент және 20 ауыл округтерінен құралып, орталығы Жетісай қаласы қарыштап дамыды.