«Мен — қазақпын!» патриоттық флешмобын 200 оқушы орындады

649

Бүгін облыс бойынша 200 мыңға жуық оқушы «Шабыт» жас музыканттар шеруіне қатысты. Соның ішінде 20 мың оқушы Шымкент қаласының балғындары Қажымұқан стадионында жүріп өтті. Шеру 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай осымен екінші жыл қатарынан өткізілуде. «Жасай бер, Қазақстан!» деп ұрандатқан жас толқын «Шабыт» шеруін көтеріңкі көңіл күймен жүріп өтті.

Жараса киген киімдері шерудің көркін ашты. Әр білім ошағының балалары өткен кезде сол мектептің жетістіктері айтылып, оқушылар көптің қошеметіне бөленді. Олар үшін биылғы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні осылай, қуанышқа толы сәтімен есте қалмақ.

Алина Тынышова №27 мектеп оқушысы: «2 апта көлемінде дайындалдық, барлығы өте керемет өтіп жатыр. Өзім сияқты қаншама оқушы жиналып, өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Бүгінгі шеруде жүріп өткеніме қуаныштымын. Ауа-райы да бұл мерекеде жылынып, әдемі болып тұр».

200 оқушы орындаған «Мен қазақпын» патриоттық флешмобы мен концерттік бағдарлама балалардың қуанышын еселей түсті.

20 мың баланың басын қосқан шеруге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, балалардың қуанышына ортақтасты. Ізгі тілектерін білдіріп, келер ұрпақ, яғни мектеп оқушыларына сенім артатынын жеткізді

Айта кетейік,өңірімізде екінші рет ұйымдастырылып отырған «Шабыт» облысымыздың аудан қалаларында да бір уақытта өтіп, оған 200 мың оқушы қатысты. Мектеп оқушыларына шабыт сыйлаған мерекелік шеру Республиканың басқа аймақтарында көрініс тапты. Келесі жылы қатысушылардың санын арттыру жоспарлануда.