Шежіре күні: Шымкентте ерекше көш ұйымдастырылды

61

Шымкентте «Шежіре күніне» орай ерекше театрландырылған шеру ұйымдастырылды. Әл-Фараби алаңынан бастау алған көш қаланың орталық көшелерінен жүріп өтті. Әсем ән, ұлттық киім киген батырлар мен ғалымдар бейнесі барша қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.

Шымкентте «Шежіре күніне» орай театрландырылған шеруі өтті. Қазақ дәстүрін дәріптейтін мереке 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал көштің көркін жастар ауылының өнерпаздары қыздырды.

Әл-Фараби алаңынан бастау алған көш республика даңғылына дейін жалғасты. Ал керемет көріністің куәсі болған тұрғындар өз таңғалысын жасыра алмады.

 «Наурыз мерекесі Шымкентте күшті тойланады екен. Күшті өтіп жатыр. Мереке сезіліп жатыр. Басқа жақта бұлай Шымкенттегідей тойламайды».

«Күшті! Керемет! Шеру күшті өтіп жатыр. Алаңнан бастап жүріп келе жатқанын көріп жатырмыз ғой. Адамға ерекше әсер етеді екен».

«Бүгін ұлттық киімде тамаша шеру жүріп жатыр Наурыз мерекесіне орай. Мереке құтты болсын. Жылдан жылға осындай мерекеге жете берейік»- дейді қала тұрғындары.

Шеруге қаламыздағы театрлар мен цирк ұжымы атсалысты. Онда ұлттық киім киген батырлар, ғұлама ғалымдар, ақындардың бейнесі сомдалды. Ал қос етек көйлек киіп, ұзын таяқшамен жүрген қыздар көпшіліктің көзайымына айналды.

Нұрлан Әділханов, «Шымкент-цирк» мекемесінің директоры: «Биылғы Наурыз ерекше екенін жақсы білесіздер. Бүгінгі салтанат бізге қосымша жігер, мерекелік қуаныш, ел тарихы үшін мақтанатындай күн. Сондықтан құрметті халайық мереке құтты болсын. Баршаңызға амандық, мереке, сән-салтанат, табыс тілегімізді қабыл алаңыздар».

Барша жұрттың назарын аударған қазақы көш таңнан кешке дейін жалғасты. Қаланың орталық көшелерін аралап, үшінші мегаполис тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.