Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «MEN QAZAQPYN» мегажобасының облыстық іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Сайын даланың саф қасиеттерін құйқылжытқан дәстүрлі ән мен көңіл толқынын тебіренткен күй өнерін дәріптеушілер додасы тартысқа толы. Тағылымы мен тәрбиесі әр тармағында тұнған терме өнерінің күнгейдегі білгірлері бақ сынауда.
Алғаш болып күйшілер сахнаға сайысқа шықты. Қазылар алқасы көп күйшіге домбыраның құлақ күйін келтірмегені үшін ескерту жасады. 20 — дан астам күнгейлік күйшінің арасынан көрермен қошеметіне бірері ғана ие болды. Термешілердің арасындағы таңдау оңай болмайын деп тұр. Оңтүстіктің жүзден жүйріктері мыңнан тұлпар болу үшін тер төгіп ізденгендерін айтады. Мұндай жоба ұлттық тамырымыздың нығайып, рухани уызға қанып өсер ұрпақтың қатары артуына үлкен сеп десті қатысушылар.
Биыл «MEN QAZAQPYN» халықаралық жобасының екінші маусымы облыс көлемінде 17-29 мамыр күндері аудан, қалаларда өтіп 213 үміткер бақтарын сынаса, дәстүрлі ән, терме, күй өнерін дәріптейтін 73 өнерпаз бүгінгі байқауға жолдама алған болатын.
Айта кетсек, 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында Ақпарат және комуникациялар министрлігі мен облыстық әкімшіліктер қолдауымен «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасы халықаралық мега жобасы ұйымдастырылған болатын. Елімізбен бірге Монғолия, Ресей, Қытай Халық Республикасын қамтыған жобаны көрермен ерекше ықыласпен қабылдады.
«MEN QAZAQPYN» дәстүрлі әншілер, термешілер, және күйшілер арасындағы халықаралық мега жобаның облыстық байқауын жазушы, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» Халықаралық сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ОҚО Құрметті азаматы, қазылар алқасының төреағасы Мархабат Байғұт құттықтау сөзбен ашып берді. «Рухани жаңғырудың омыртқасы мен қабырғасы — қазақтың төл өнері. Кенжелеп қалған өнерді дамытып, ел ішінде насихаттауға арналған жобаға сәттілік тілеймін!»- деді, Мархабат Байғұт.
Облыстық іріктеуден өткен 3 үміткер республикалық жобада бақ сынайтын болады.