«Ел жүрегі — Астана». Өңіріміздегі Б. Өтеп атындағы «Өнер» мектеп-интернатында осындай тақырыппен жас ақындар айтысы өтті. Жыр бәсекесіне аталған мектептің дарынды оқушылары мен түлектері қатысып, таланттарын таразылады.
Аты айтып тұрғандай жас толқын жарыста сөздің асылын саптап, Елордамыз — Астананың 20 жылдық мерейтойын жырына арқау етті. Сондай-ақ, Шымкенттің үшінші мегаполис атану мәртебесі мен Түркістанның облыс орталығына айналуы да аламаннан шет қалмады. Ал жас буын ақындардың өлең өлкесіндегі қадамы мен бағдар-биігін 6 адамнан құралған қазылар алқасынан бөлек, көрермен қауым да тамашалап, бағалауға мүмкіндік алды.
Айтыс сахнасында жас таланттар бас қаланың қазіргі бағындырған белесі мен бейнесін, төл тарихын жырлап, мерейтойдың мерейін асырды. Сайыста шымкенттік Дәурен Ысқақ замандастарынан оқ бойы озық шығып, бас жүлдені жеңіп алды.
Айта өтейік, осынау жыр додасына алдын ала арнайы іріктеу шарасы өтіп, ақтық сынға 6 бірдей ақын жолдама алған. Және кезекті өнер жарысын «Нұр Отан» партиясының облысымыздағы филиалы ұйымдастырды.