Шымкентте бір топ оқушыны мас халде ұрып соққан мұғалімнің ісі бойынша медициналық сараптама жұмыстары дайын болды. Наркологиялық орталықта тексеруден өткен оқытушының сол күні алкогольді ішімдік ішкені расталмады. Бұл туралы айыпталушы тараптың өзі мәлімдеді.
Нақтырақ айтқанда, баламды ұрып соқты деп арыз жазған ата-аналар қаладағы №83 мектеп директорының орынбасары Байұзақ Жандаровты кінәлап, жауапқа тартуды талап еткен болатын. Алайда тәрбіе ісі жөніндегі орынбасар бұл айыппен келіспей отыр.
Байұзақ Жандаров «Ата-аналар балаларын ұрып — соқты, сондай-ақ, шегіп алған күйінде балаларымды ұрды деп айыптаған болатын. Бұл сөздері расталмады. Мұны растайтын құжаттар бар. Медициналық сараптамадан өттім. Наркологиялық орталықта қан тапсырдым. Қорытындыға сәйкес, менің ішкенім, шеккенім расталмады.»