Полиция қызметкерлеріне белсенді қарсылық көрсеткен жергілікті жердің екі азаматына қатысты қылмыстық іс қаралуда, — деп хабарлайды ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.
2018 жылғы 10 ақпанында ОҚО Ордабасы ауданында жедел профилактикалық іс-шарасы барысында кафелердің бірінің жанында тәртіп сақшылары Өзбекстан Республикасының азаматтары тұрғанын байқап, өздерін таныстырып, заңға сәйкес, құжаттарын көрсетуді талап еткен. Алайда, олардың құжаттары жоқ екені белгілі болған.
Сол кезде кафеден белгісіз екі азамат шығып, бірі полиция қызметкерін ұрып, соққыға жыққан. Ал екінші полиция қызметкері оларды ажыратпақ болған кезде, оны да ұрып-соғып, халықтың алдында погонын жыртып, билік өкілдерін қорлаған. Осы сәтті пайдаланған құжаты жоқ өзбекстандық азаматтар сол жерден бой тасалап, қашып кетеді. Ал, полиция қызметкерлерін соққыға жыққан жергілікті жердің екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынған.
Оларға қатысты «билік өкілін қорлау» және «билік өкіліне қатысты күш қолдану» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Олар сол күні соттың санкциясымен 2 айға қамауға алынады. Қазіргі таңда іс сотта қаралып жатыр.
Күдіктінің туғандары өз тарапынан сол екі полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне наразылық білдіріп, «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды» деп, 10.04.2018 жылы ОҚО ІІД ӨҚБ-на арызданды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.
Арызда полиция қызметкерлеріне қатысты көрсетілген жайттар өз дәлелін таппады. Құрамында қылмыстық құқықбұзушылық болмауына байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтамға алынды.