Шымкентте тағы бір азамат суға батып, қаза болды. Оқиға Шымкент қаласына қарасты Қайнар бұлақ елді мекенінде орын алды. Шомылуға келген 4 азамат көлге түспек болған. Алғаш болып 26 жасар жігіт суға секіріп, жүзіп кеткен. Қасында болғандар көл жағасына жайғасып жатқанда әлгі жігіт құтқарыңдар деп көмекке шақырады.
Суға кеткен жанның көмекке шақырған айқайын естігендер бірден суға түскен. Алайда оның денесін таба алмай төтеншеліктерді шақыруға тура келген. Оқиға орнына келген құтқарушылар 20 минут ішінде көлден мәйітті алып шықты. Алдын ала болжам бойынша марқұм аяғына оралған балдыр салдарынан су бетіне шыға алмаған.
ТЖД мамандары суға түскен кезде абай болуға шақырады. Өйткені жыл басынан бері облыс бойынша 12 адам суға кеткен. Оның ішінде 8-і жасөспірім балалар. Егерде сіз қандай да бір оқиға тап болсаңыз бірден 112 нөмеріне қоңырау шалыңыз.