Шымкентте менингококк инфекциясын жұқтыру күдігімен мектеп түлегі көз жұмды

579
www.clickondetroit.com

Шымкентте менингококк инфекциясын жұқтырған деген күдікпен мектеп түлегі қайтыс болды. Науқас жігіттің қай вирус түрін жұқтырғаны анықталып жатыр. Ол бүгін таңертең сағат 06:05-те шамасында қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Содан бір сағаттан кейін көз жұмған.

2000 жылы туған азамат қаладағы Ө. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейін бітірген. Қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындалып жүрген. Айта кетерлігі, бүгін оның мектебінде 11 сыныптың аттестат тапсыру рәсімі өткен болатын.

Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин адам қайтыс болғанын растады. Бірақ әзірге нақты қандай вирустан екені анық белгісіз болып отыр.
Облыстық денсаулық басқармасы қайтыс болған адамнан анализі алынып, зертханада тексеріліп жатқанын хабарлады. Тексеру қорытындысы дайын болғаннан кейін басқарма арнайы баспасөз брифингін өткізеді.

Еске салсақ, мұның алдын облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті 2018 жылдың 5 айында ОҚО-да менингококк инфекциясын жұқтырған екі адамный қайтыс болғанын хабарлаған еді.