Шымкенттегі жаңа логистикалық орталық 4 елдің жүктерін қабылдап отыр

499
inform.kz

Шымкентте өткен жылы іске қосылған «А» санатындағы көлік логистикалық орталығы 500 мың тоннаға дейін жүк өңдеуге көшті. Орталықта бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталып, кедендік рәсімдеуден өткізілуде. Бұл туралы аталған орталықта өткен брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды inform.kz.

Аталған нысанның құрылысын қаржыландыруды «Қазақстан Даму банкі» жүзеге асырып келеді. Бүгінде аталған банк орталыққа 11,8 миллиард теңге қаражат құйған. Орталықта әрқайсысының аумағы 10,3 мың шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, еліміздегі миллион тұрғыны бар үшінші қалаға мұндай қойма орталығы аса қажет. Себебі шаһар халқы өсім үстінде болған соң, тауарларға да сұраныс артатыны сөзсіз.

Кәсіпкерлер үшін де тиімді тұстары көп. Орталық Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізіне жақын орналасқан. Яғни бұл жерден еліміздің кез келген қаласына тіпті шетелге тауар жіберуге болады. Алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар.

«Шымкент — еліміздің Орталық Азияға шығатын қақпасы, ол жақтан Қазақстан арқылы транзитпен тауар ағындары Ресейге және кері бағытта жүреді. Яғни жоба Қазақстанның экономикасы үшін және біздің көршілерімізбен трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл ең әуелі Шымкент-Ташкент сауда-экономикалық дәлізін дамыту тұрғысынан маңызды», — дейді «Қазақстан Даму Банкі» АҚ атқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.

Банк басшылығының айтуынша, бірлескен жобада жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» енгізіледі. Мұнан соң екі ел арасында жылына 400 мың тоннаға дейін тауар тасымалданбақ.