Шымкенттік шенеуніктер тегін медициналық тексеруден өтті

593

Шымкентте шенеуніктер жұмыс кабинетінде тегін медициналық тексеруден өтті. Бұл шараға облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мұрындық болған.

Скринингті жүргізу үшін дәрігерлер Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне арнайы барып, мамандарды тексеруден өткізді. Профилактикалық шарада 15 дәрігер мемлекеттік қызметкерлерді тексеруден өткізді. Таң азаннан басталған профилактикалық жұмыстар кешке дейін жалғасты. Мамандар бір күннің ішінде 200-дей азаматқа тегін медициналық тексеру жүргізді.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта елімізде жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандардың саны артып отыр. Бұл физикалық белсенділіктің төмендеуі салдарынан орын алуда. Ал, тыныс алу жүйелері мен аллергиялық ауруға шалдыққандар — дұрыс тамақтану ережесін қаперге ілмегендер. Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында мамандар басқарма қызметкерлеріне тегін медициналық құралдар — тонометрлерді тарту етті.