Бүгін облыс мәслихатының кезекті 25-ші сессиясы өтті. Күн тәртібіне енгізілген 18 мәселе бойынша шешімдер қабылданды. Облыстың бюджеті нақтыланды. Одан бөлек, былтырғы бекітілген қазына қаржысының орындалуы жөнінде облыстық тексеру комиссиясы сын ескертпелерін айтып, есеп мақұлданды.
Жекеменшік әріптестік жобалары бойынша да мемлекеттік міндеттемелер нақтыланды. Ал келесі сессия Түркістанда өтеді. Жаңадан тағайындалған Түркістан облысының әкімі осындай ұсыныс жасады. Сессияға жиналған депутаттар алдымен Жансейіт Түймебаевты Түркістан облысы әкімінің қызметіне тағайындалуымен құттықтады.
Күні кеше дәл осы мәжіліс залында — актив жиынында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңадан құрылған Түркістан облысының басшысын көпшілікке таныстырған болатын.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі: «Жаңа ғана сессия өтті. Онда депутаттар Елбасының Түркістан облысы әкімі қызметіне Жансейіт Түймебаевты тағайындау жөнінде Жарлығын қолдап, дауыс берді. Жансейіт Қансейітұлы жақсы білесіздер, өңірді басқарды. Қазір де үлкен сенім артылып отыр. Түркістан облысын рухани орталыққа айналдыру бағытында жұмыс атқарамыз».
Сөйтіп, облыс мәслихатының кезекті 25-ші сессиясы жұмысын бастады. 18 мәселенің негізгілерінің бірі — 2017-2018 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасының орындалуы жөніндегі есебі еді. Бұл тұрғыда сын ескертпелер аз емес.
Нұралы Әбішев, облыс мәслихатының депутаты: «Мақтаарал ауданы бойынша аталған бағдарлама бойынша бірде-бір үй түспепті. Неліктен деп сұрасам, аудан басшысы құжаттарды тапсырмаған дейді. Қазір міне, Мақтаарал ауданының әкімі сараптамадан өткен 12 көпқабатты үйдің құжаттарын дайын деп отыр. Бұл қалай?».
Қалған 17 мәселе тұрақты комиссиялардың отырыстарында жіті талқыланған болатын. Сондықтан ол мәселелер бойынша шешім бірауыздан қабылданды. Облыс мәслихатының кезекті сессиясының төрағасы болып Түркістаннан сайланған облыс мәслихатының депутаты Базарбай Мұсабеков бекітілді. Өңір басшысы болса, келесі сессияны Түркістанда өткізу туралы ұсыныс жасады.
Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі: «Еліміздің астанасын Астанаға көшіру бойынша тәжірибе бар. Сондықтан тездетіп көшуді бастау қажет. Біз кеше Түркістандағы ғимараттарды көрдік, бірінші кезекте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, облыстық қоғамдық кеңес көшуі тиіс. Облыс мәслихатының кезекті сессиясы Түркістанда өтуі тиіс. Бой көтеретін әкімшілік-іскерлік орталығында әкмішілік ғимараттардан бөлек, мәдени, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салынады. Түркістан Қазақстанның Рухани орталығы ретінде инвестициялардың тартылуына зор мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындары, діни орталықтар, Турксойдың филиалдары осы Түркістанда жайғасады. Айта кететін жәйт, жаңа әуежай, жаңа автовокзал салынады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізі, теміржолы Түркістанның өзге мемлекеттермен экономикалық-іскерлік қарым қатынасты нығайтуға мол мүмкіндік береді. Түркі тілдес елдер үшін қасиетті киелі Түркістан жеріне облыс орталығының көшуі тарихи маңызы үлкен оқиға. Осыған байланысты тек облысқа емес, бүкіл Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені, барша түркі тілдес елдері Түркістанды Ахмет Яссауи, ұлы ғұламалар жерленген қасиетті жер деп таниды».
Белгісіз болып тұрған бір жәйт ашық күйінде қалды. Ол — қаладағы 12 округтен сайланған облыс мәслихаты депутаттарының тағдыры. Белгілісі сол — ол бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Орталық сайлау комитетіне хат жолдаған. Жауап күтілуде.