Түркістан қаласына «Smart City» жүйесі енгізілмек

532

Түркістан облысының әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өзара меморандумға отырды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Ондағы мақсат Елбасының жаңадан құрылған аумақты дамыту үшін тиісті шараларды қолға алсын деген тапсырмасын орындау.

Екі жақты келісім-шартқа облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Рапиль Жошыбаев қол қойды.

Аймақ басшысы қол қойылып отырған құжат облыс орталығы Түркістан қаласының экономикалық әлеуетін дамытуға мол мүмкіндік ашатынын айтты.
«Елбасымыз баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы жасыл экономиканы енгізуді үнемі айтып келеді. Міне, бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласы осындай жаңашылдыққа бет бұрғалы отыр. Ал, жұмыстарды Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығымен бірлесе отырып жүзеге асырамыз. Әріптестерімізге сәттілік тілеймін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде орталық басшысы бір мәмілеге келіп, бірқатар жобаларды іске асырғалы отырғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Жасыл экономика бұл уақыт талабы. Баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы біз қоршаған ортамызды сақтап қаламыз. Міне, осы ретте бүгінгі қадам өте орынды және дұрыс деп айтар едім. Келісім-шартта көрсетілген шаруаларды бізге сеніп тапсырып отырған Жансейіт Қансейітұлына шексіз ризашылығымызды білдіреміз», – деді Рапиль Сейітханұлы.

Меморандум мәтінінде тараптардың бірлесе отырып, Түркістан қаласына жасыл экономика технологиясын ендіру және инвестициялық жобаларды іске асыру, инвестиция тарту оның ішінде шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу көрсетілген. Сондай-ақ, Түркістан қаласында «Smart City» жобасын жүзеге асыру және төмен көміртекті даму стратегиясын енгізу жайы да қаралған.