Туристерге тағам тарта білу де өнер

621

 

Туризм саласында жұмыс істейтін жергілікті кәсіпкерлер шетелдік қонақтарға қызмет етуді үйренуде. Алматы мен Астана қаласынан келген спикерлер рестораторлар мен қонақ үй иелеріне, туркомпания өкілдеріне неміс, француз, индустарды қарсы алғанда нені, қай тұсты басты назарда ұстау қажеттігін әңгімелеп берді. Шымкентте өткен семинарда шетелдік менталитет туралы кеңінен айтылды.

Туристерді тартудың жолдарын білу, зерделеу — Оңтүстіктегі туризм саласы мамандарының бас қатырар басты мәселесі. Мейрамхана, қонақ үй, туристік компания қожайындарына Астана мен Алматыдан келген кәсіби білгірлер еуропалықтардың тағамдық талғамы туралы бірқатар тың мәліметтер берді.

Гульмира Ахбердиева, ОҚО туризм индустриясын дамыту орталығы қауымдастығының жетекшісі: «Мәселен, көптеген шетелдіктер сиыр етін жемейді. Кейбірі, тіпті, вегетариандар. Арасында біздің ұлттық тағамдарымызды түсіне алмайтындар да кездеседі. Бүгінгі семинарда біз туристермен тікелей жұмыс істейтіндерге ас мәзірін дұрыс түзуді, турпакетті дұрыстауды үйретеміз».

Шетелдік қонақтарға тағамды дұрыс ұсына білу де өнер. Меңгерілуі тиіс тұстардың қыр сыры көп. Ұлттық брендті басты назарда ұстау керек. Қазақтың ет тағамы мен бауырсағын туристерге тартымды етіп ұсына білуіміз қажет. Мамандар сапалы қызмет көрсету туризмнің кей кемшін тұсын көмескілендіріп жібереді дейді. Семинарға қатысушылар туризм деңгейін көтеру үшін ең алдымен кей мамандықтардың мәртебесін жоғарылатуды да ұмытпай айтып өтті.

Бибол Жақыпбаев, қатысушы: «Бізде туристерге қызмет көрсету деңгейі төмен. Біріншіден маман тұрақтамайды. Екіншіден, жұмыс берушінің кемшілігі көп. Талапты өздерінен бастап сапалы жұмысті ісімен көрсеткені абзал».

Кәсіпкерлермен психологтар да жұмыс істейтін болады. Қонақтың көңілін қалдырмай қысылтаяң жағдайлардан ұтымды шығудың жолдары қарастырылады. Айта өтейік, Оңтүстіктің тарихи орындары мен табиғаты тамаша өңірлеріне келушілердің қатары жылдан-жылға артып отыр. Сондықтан оларға қызмет көрсету сапасын жоғарылатпасақ, туристерден айрылуымыз ғажап емес.