Қазақстанда 22-23 шілде күндері жел күшейіп, жаңбыр жауады

164

Алдағы күндері Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ жаууы мүмкін, тек республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ғана күн жауын-шашынсыз болады. Кей жерлерде шаңды дауыл тұрып, солтүстік және шығыс өңірлерде түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал. 22-23 шілде күндері жауын-шашынның салдарынан Шығыс Қазақстан облысының өзендері арнасынан тасуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде тұман түседі, желдің жылдамдығы түнде және күндіз 15-20 м/с болады, кей жерлерде екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді, күндіз жекелеген аудандарда дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін. Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей аумақтарында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал. Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында, күндіз Қызылорда облысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, шаңды дауыл тұрады.

Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде дауыл соғуы мүмкін, желдің жылдамдығы 15-20 м/с, бұршақ жаууы ықтимал. Маңғыстау, Атырау облыстарында, күндіз Ақтөбе облысының кей жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қостанай облысының кей аумақтарына тұман түседі, түнде кей жерлерде, күндіз басым бөлігінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с айналасында болады, күндіз дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін.

Алматы, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарында, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының кей аумақтарында аптап ыстық болады. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Алматы облыстарының кей жерлерінде өрт қаупі сақталады.