Шымкентте жеке үйлер мен дүкендерді су басты

Толассыз жауын-шашын салдарынан қаладағы бірақатар аймақ пен көшелерді су басты. Тұрғындардың жүріп-тұруы қиындады. Мамандар жаңбыр басталғаннан бері үздіксіз жұмыс істеп жатқандарын айтады. Дегенмен, тұрғындардың шағымы азаймай тұр. Тіпті, жеке үйлер мен дүкендердің ішіне де су кірген. 

Тоқтаусыз жауған жауын-шашыннан зардап шеккендердің бірі – Роза Егембердиева. Кәсіпкер нан өнімдерін дайындап, сатумен айналысады. Алайда, жаңбыр суы наубайханаға кіріп кеткеннен кейін жұмыс тоқтап тұр. Кәсіпкер көшені су басқан соң, тұтынушылардың да жоқ екенін айтады. Сөзінше, мұндай жағдай әр жаңбыр жауған сайын орын алатын көрінеді.

Роза Егембердиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «6 жылдан бері осы жердің нанын жеп, бала-шағамды бағып жүрмін. Бірақ осындайда білмеймін Шымкенттің бар суы осында келе ма самсаханамызға дейін кіріп кетеді. Су болғанда да канализацияның суы ғой, иіс деген сұмдық. Азанда ниеттеніп бір самсамызды шығарған едік, ешқайсысын сата алған да жоқпын».

Мамандар түннен бері жұмыс істеп жатырмыз дейді. Алайда су деңгейі азаймай тұр. Көшедегі жер асты құбыры жіңішке болғандықтан су кері қайтып жатыр дейді маман.

Ерлан Жаңабай, «Жасыл жер» ЖШС қызметкері: «Түннен бері сағат 2-ден бастап осы су тарту жұмысымен айналысып жатырмыз. Жылда осындай. Жаңбыр жауған сайын осындай  болады. Бұл жердің астына тасталған құбыры кішкентай, содан ғой».

Мұндай жағдай қалалық әкімдік маңында да орын алды. Н. Назарбаев даңғылын су басып, тұрғындар үшін аяқжолда жүру қиындады. Ал су сору жұмыстарына төтеншеліктер жұмылдырылды.

«Жолдарда жүру мүмкін емес, әр жаңбырда өткен сайын осындай болады. Су-су болып, аяғымыз су болып барамыз осылай» дейді қала тұрғыны.

Қаратау ауданында су басу қаупі бар 8 жер анықталған. Аудан әкімі барлық аймақта тиісті су сору және тазалау жұмысы жүргізіліп жатқанын айтады.

Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Алдыңғы уақытта бұлай болмайтын бұл жерде. Мешіт салынғалы бері, көлемі үлкейді да, су көп болған соң қазір осындай болып жатыр. Қазір бұл жерде төтеншеліктердің көмегімен, суды сору, тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек бізде Нұртас ішінде бар, Зообақ алдында су жиналады. Содан кейін бізде проблема шығып жатқаны – Тассайда су көтеріліп жатыр. Канализация жүрген, арықтардың барлығы отырып қалған. Соған су толып жатыр. Мотопомпалар, арнайы техникалар бар су соратын солармен суды арнайы бұрылысқа сорып, ары қарай алып кетуге жұмыс жасап жатырмыз«.

Айта кетейік, Қазгидрометтің хабарлауынша 13 наурыз күні Шымкент қаласында жауын-шашын, түнде қатты жаңбыр мен қар күтіледі. Кей уақытта көктайғақ, тұман болуы мүмкін. Сондықтан мамандар, алыс жолға шығарда абай болуды ескертеді.