Кез келген шаңырақта іңгәлаған сәби дауысы естілгеннен ат қою рәсіміне дайындық басталатыны сөзсіз. Қазақ халқы дүниеге келген балаға ат қою рәсіміне ерекше мән беріп, мейлінше мағыналы есім таңдап, бей-жай қарамаған. Әрбір есімнің тарихы болары анық. Тіпті кейде «қазекем қалай болсын солай ат қояды» деген сөздер де айтылатыны рас. Алайда сол есімнің өзіндік себебі болады. Жаңғырық айдарының кезекті жазбасында қазақ балаға есімді қалай, неге сүйене отырып таңдағанын зерделеп көрдік.

Азан шақырып ат қою
Азан шақырып ат қою ислам ғұрпына ерекше мән беретін ортада орындалады. Ата-анасының бірі жаңа туған сәбидің бетін құбылаға қарата ұстайды. Ал ат қоюшы молда азан шақырып, ұл бала болса, оң құлағына, ал қыз бала болса, сол құлағына нәрестенің ата-әжесі немесе ата-анасы таңдап берген есімін үш мәрте қайталап айтады. Содан кейін келесі құлағына дұға оқиды. Бұл рәсім үш рет қайталанады да қатысқан қауым ізгі тілегін білдіріп, үлкендер жағы батасын береді. Ал, содан кейін ескі салт бойынша сонда жиналғандардың бірі қазанның құлағын даңғырлатып тұрып, балаға берілген есімді айқайлап, жұртқа жария етеді. «Азан шақырып, қазанның құлағын қағып ат қою» сөзі осыдан қалса керек.

Ырыммен байланыстырып ат қою
Қазақ ұлтында ырымның түрі өте көп. Ат қоюға байланысты да ырымдар көптеп кездеседі. Мәселен «елге танымал, өз ортасының беделді азаматтарына ұқсасын» деген ырыммен сол адамға баласының аузына түкіртіп ат қоюына қолқа салып жатады. Ырымдап ат қою ғұрпы бойынша есімін қойған кейіпкеріміз, өзінің атын қою тарихын былай деп жеткізді.

«Ата-анам отбасын құрып, тұңғыштары дүниеге келгеннен кейінгі туған 4 нәрестесі 3-4 айдан кейін шетінеп кетіп жүрген. Бұл жағдай әсіресе анамның жүйкесіне өте қатты әсер етеді. «Енді мүлдем бала тумаймын» деп еңіреп жылаған кездері көп болған екен. Бір күні маған жүкті болған. Сол кезде анам өзінің анасына (нағашы әжем) барыпты. «Тағы да шетінеп кетсе, бұл жолы қиындыққа төзе алмаймын» деп қатты жылаған екен. Нағашы әжем өте көреген адам болатын. «Ешқандай жамандық ойламай балаңды дүниеге алып кел. Одан кейін халқымыздың ырымдарына сүйене отырып, жөн-жоралғысын жасаймын» депті. Осылайша уақыты келіп, мен туылғанмын. Нағашы әжем перзентхана барып, сол жерге жеті әйелді дайындап қойған екен. Мен туа салысымен-ақ мамық матаға орап, ең алдымен өзі маңдайымнан сүйіпті. Сосын өзінің екі аяғының ортасынан өткізіп, өзінен кейін жаңағы жеті әйелдің аяқтарының арасынан өткізіп шығыпты. Осылайша, ертеңіне үйге шыққанда, әжем ауылдың адамдарын жинап, мал сойып, молынан дастархан жайғызыпты. Ауылымызда жасы 95-ке келген ең үлкен әжей болған екен. Сол кісіге құлағыма азан шақырып, ат қоюын өтінген. Мұндағысы «сол әженің жасын берсін» деген бірінші ырымы еді. Ал есімімді «Болымсыз» деп қойғызыпты. Бұл нәресте тоқтамаған кезде осындай көзге ілінбейтін, аздап құлаққа тұрпайылау естілетін есім қою ырымы екен. Қазір 20 жастамын. Ес білген кезде атымнан ыңғайсызданып, ата-анама ренжіген кездерім болды. Өйткені достарым мазақ ететін еді. Кейін анам атымды қою себебін түсіндіріп айтып бергеннен кейін түсіндім. Менен кейін бір қарындасым бар. Шүкір бүгінде бізде бәрі жақсы»
Баланың есімін ырымдап қою ата-анасының ниетін білдірсе керек. Нәресте тоқтамай шетінеп кеткен кездерде қазақ Тоқтасын, Тұрсын, Тұрсынкүл Жанұзақ, Аман, Есен деген есімдерді берген. Ал «тіл-сұқ болмасын» деген ырыммен Қошқар, Шоқпыт, Жаманбай, Сасық, Итбай деген сияқты есімдерді әдейі қойған. Ал тек қыз туған жағдайда «келесісі ұл болса екен» деген ниетпен Ұлбосын, Ұлжалғас, Ұлмекен, Дәметкен деген сияқты ат қойған.

«Еленбей қала берем»
Ал адам есімінің өзіне жарасымды болуының өзі зор бақыт шығар. Халық арасында адам есімі өзінің тағдырына әсер етеді деген де сенім бар. Сол себепті де ата-ана баласына есімі елге белгілі ерлердің атын береді. Мәселен, Ахмет, Әлихан, Бауыржан, Нұрсұлтан. Қыз болса Айзере, Сара, Мақпал деген сияқты тағы басқа көптеген белгілі тұлғалардың атын сол азаматтардай болып өссін деген ниетпен әдейі ырымдап қойып жатады. Араларында атына сай болып, халыққа танылатындары да бар. Атына сай болды демекші келесі кейіпкеріміз адам есімі өзінің тағдырына әсер етеді деген сөзге қалтқысыз сенеді.

Сіз білесіз бе? 

-Егер есіміңіз ұнамаса, онда алмастыруға болады. Бұл туралы АХАТ секторының мамандары айтып берді.
Қарнақбаева Ақбота Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің АХАТ секторының меңгерушісі:
«Адам есімін өзгертуге болады. Бірақ халық кез-келген адам қалауынша атын өзгерте береді екен деп түсінбеу керек. Мәселен, туу туралы куәлігіңізде жазған атыңыз Айгүл делік. Алайда сізге бұл есім ұнамайтын себепті отбасыңыз, туған-туысқандарыңыз басқаша атпен атайды. Мысалы Гауһар деп. Осы тұста егер сіздің Гауһар екеніңізді дәлелдейтін қандай да бір құжат болған жағдайда есіміңізді алмастыра аласыз. Мысалы мектептегі журналда сіз Гауһар деп жазыласыз немесе қандайда бір байқаулардан алған марапатыңыз Гауһар деп берілсе, ондай жағдайда есіміңізді алмастыруға мүмкіндік бар. Ал, мұндай дәлелдер болмаған жағдайда атыңызды өзгерту мүмкін емес. Өйткені заңда көрсетілмеген. Есімін алмастыру өтініш берілген соң, 7 жұмыс күн ішінде дайын болады. Мемлекеттік баж 4810 теңге төленеді. Осы құжаттарды халық шаршамай-ақ үйде отырып e.gov.kz арқылы электронды түрде жолдауға да, Халыққа қызмет көрсетуі орталығы арқылы да жазбаша түрде тапсыруға болады.

«Мен туғанда тіл-көзден аулақ болсын деп атымды Елеусіз қойған екен. Алайда ес білгелі бұл есім өзіме ұнамады. Атымды сұрағандарға Елеусіз емес, Елка деп атайтынмын. Оған біреу күлсе, енді бірі «шынымен атың кім» деп сұрайтын. Мүмкін көңіліме қатты алып қалдым ба, білмеймін. Жүрген жерімде ешкім елемейтін сияқты көрінеді де тұрады. Тіпті туысқандарымызбен жиналғанда басқа балаларды төрге шығарады, ал менің бар-жоғымды ешкім байқамайды да. Бұл үшін ата-анаммен ұрысқан кездерім де болды. Кейін келе атымды айтпас үшін, адамдармен сөйлеспейтін де болдым. Қазір жасым 30-да. Әлі отбасын құрған жоқпын. Қыздар мені елемейтін шығар. Білмеймін әйтеуір, адамға көркем, кез келген адам атын сұрағанда ұялмай айта алатын есім берілсе жақсы ғой. Осындайда әркімге ат қою бақыты өзіне бұйырса ғой деп ойлайсың кейде»

Әділхан Сертай, облыстық орталық мешітінің наиб имамы:
«Дәстүрлі дінімізде балаға ат қоюда көркем есімдерді таңдау дұрыс саналады. Перзентіне есім беру – әкенің міндеті. Дегенмен қазақ халқы үлкенді құрметтеген халықпыз. Ата-анасының рұқсатымен қазақы салт-дәстүр бойынша немерелерінің атын ата-әжесі қояды. Қияметте әке-шешесі Алланың алдында баласына ат қойғаны үшін де жауап береді екен. Сол себепті әрбір мұсылман баласы дүниеге келген соң, маңызды, мағналы ат қойған дұрыс. Қазағымызда небір әдемі есімдер бар ғой. Мәселен Әділ, Айдар, Сабыр, Сұлтан, Мұрат деген сияқты. Мағынасы қандай терең есімдер. Ал, «есім тағдырға әсер етеді» дегенді айта алмаймын. Өйткені тағдыр – Алладан. Сондықтан да бұл жөнінде бірдеңе дей алмаймын. Жағымсыз аты бар болса да өмірден бақытты боп жүрген адамдар бар. Жақсы аты болса да жаман ісімен тозақтық болуы да мүмкін. Дегенмен ата-ана баласына берген аты үшін жауап беретіндігін ұмытпау керек. Сәбилеріне көркем есімдерді берсе қандай жақсы»

«Адамдар себебін айтқызбай біледі»
Қазақ халқы түрлі оқиғалар негізінде де ат қоя салған. Балаға есім берілген соң «Атың кім?» деген сауалға өмір бойы жауап беріп өтеді. Мәселен Самит есімді келесі кейіпкеріміздің анасының айтуыша, баласының есімі айтқан жерде атының қойылу себебін бәрі айтқызбай түсінеді екен.

«Баламды босанған кезімде 2010 жылғы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтіп жатқан. Атам «немерем осындай халықаралық маңызы бар іс-шараларда есімі аталып, жоғары жақта жүрсін» деген тілекпен ойланбастан Самит қоя салды. Біз де қарсылық танытқанбыз жоқ. Бастысы атамның ниеті орындалсын деп келістік те. Алайда әкесі куәлікке бір «м» әрпімен жазып жіберген екен. Осылайша, Самитім қазір 8 жаста. «Атым неге Самит» деп сұраған кезі болды. Оған атасы себебін түсіндіріп айтты. Өзіне ұнады. Енді атына заты сай болып, биліктің төрінен көрініп жүрсе, біз тек қуанамыз»

Атаулы күндері қойылатын есімдер де көп. Мәселен, Рамазан айы дүниеге келген балаларға көбінесе Айсұлтан атауы көптеп қойылады. Осы жерде айта кетсек, Айсұлтан есімі 2017 жылы ең көп қойылған есімдер тізімінде екінші орында тұр. Сондай-ақ Наурыз, Наурызбай, Оразай деген сияқты есімдер осындайдан туындайды. Сонымен қатар, бала дүниеге келген кездегі ауа райына байланысты да есімі шешілетін балалар болады. Мысалы дауыл соғып тұрса, Дауылбай, жаңбыр жауып тұрғанда өмірге келсе, Жаңбырбай, қар жауып тұрғанда дүниеге келсе Қаржаубай деп табиғаттың құбылысына қарай есімі белгілі болатын кездер де көп кездеседі.

Қыз есімі – әдемілік пен сұлулықтың белгісі
Қазақ елі әдемілік пен шексіз сұлулықтың атауын көбінде қыз баласына қояды. Мәселен, Күнсұлу, Толғанай, Жұлдыз, Айшолпан деп аспан денелерімен байланыстырса, кербез құстар Тоты, Лашын, Сұңқар атаулары да көптеп қойылады. Және ел есінде сақталған сұлулығымен көрер көзді тамсандырған тарихта аты қалған сұлулардай болсын деген ниетпен ата-ана Жібек, Баян, Ақтоты, Құртқа, Назым есімдерін де қыз баласына береді. Ал, Раушан, Роза, Лалагүл, Қызғалдақ, Бәйшешек деген сияқты нәзіктіктің белгісі гүл атаулары да нәзік жанды аруларға қойылады.

Арабша есімдер көбейді
Соңғы кезде дінге бет бұрған халықтың қарасы қалың. Осыған орай жаңа туған сәбиіне Арабша есімдерін қою көбейіп барады. Мәселен stat.gov.kz сайтының мәліметінше бір ғана Раяна есімі 2018 жылдың мамыр айында 495 сәбиге қойылған. Рамазан есімі 762 балаға берілсе, 287 бала Айсұлтан есімін иемденген.

Ал, қызына Раяна есімін берген Мақпал мұны былай түсіндіреді.
«Тұңғышыма аяғым ауыр кезде әкесі екеуміз баламызға ерекше есім бергіміз келді. Дінімізде ата-ана баласына қойған аты үшін де жауап береді деген бар. Сол үшін мән-мағынасы бар, әдемі өзіне жарасатын есім іздедік. Әкесімен ойлана келе, таңдауымыз Раяна есіміне түсті. Раяна – ораза ұстаған мұсылмандар кіретін Жәннат қақпаларының бірі екен. Біз қызымызға бұл есімді салиқалы, иманды, көркем мінезді болып, жаратушының мейріміне бөленіп өссін деген ниетпен бердік»

Иә, мағыналы есім. Ата-анасының ниетіне сай перзент болып өсуіне біз де тілекшіміз. Мамыр айында Раяна есімінің көп болуын бұл айда Айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан айының дөп келуімен байланыстырдық. Ал ата-аналардың балаларына арабша ат қоюының бір себебін өңірімізге белгілі психолог былай түсіндіреді.

Қаракөз Момбаева, Ораз Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектебінің педагог-психологы:
«Соңғы кезде ата-аналар да балаларына пайғамбарлардың, немесе Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) айтқан есімдерді, Алланың есімдерін, тарихи есімдерді, сахабалардың, ізгі адамдардың есімдерін қоюға əуестігі байқалады. Исламда əкенің баласының алдында үш міндетінің (жақсы есім беру, дінге тəрбиелеу, үйлендіру, қыз баласын ұзату) бірі – балаға есім беру делінген. Балаға қойылған есім – баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей əсер етеді. Баланың жас ерекшелігіне назар аударып, қабылдау қабілетіне байланысты қойылған есімінің мəн-мағынасын, жағымды қасиеттерін, артықшылықтарын айтып, түсіндіріп отыру қажет. Өзімен аттас тұлғалардың өмірін талқылап, діннен бастау алатын кез-келген адамгершілік қағидаларын жиі айтып отырған абзал. Тарихта ешқандай дінді мойындамай-ақ ізгілікті өмір сүріп, этикалық қалыптарды ой мен қисынға лайықты құра білген адамдар бар. Діни есімдерге ие болған бала адамгершілік құндылықтарды түсініп, оны өмірде пайдалана білуге үйренеді, ізгі қасиеттер баланың бойына дариды.
Дегенмен де діни есімдерге таңдау жасағанда, діннің көлеңкелі, күңгірт жақтарына көңіл аудармауға болмайды. Тазалықты, өмірді, қуанышты, жан сабырлылығын сақтауды білдіретін есімдермен қатар, есімнің кей қасиеттері діннің мынадай көлеңкелі тұстарына сəйкес келетінін білген жөн:
– догмалық сипат: өзін жоғары қою, өз сенімінің ақиқаттығын ұстанған қиқарлық;
– қараңғылық: ақыл-ойды, өнерді, ғылымды дамытуға қарсылық;
– екіжүзділік: сөзі мен ісінің алшақтығы;
– өшпенділік, соғысқұмарлық, қуғындау, тіпті өлтіруге дейін бару жəне т.б.
Адам өз есімін қалай қабылдаса, өмірі де соған орай қалыптасады, яғни адам тағдыры мен есімінде байланыс бар. Балаға өзіне деген сенімін жоғалтатын, санасы қабылдай алмайтын, қаптаған түсініксіз есімдерден гөрі ізгілікке тəрбиелейтін зиялылар мен елге еңбегі сіңген азаматтардың есімдерін қойған жөн».

Құрметті оқырман, дәл қазіргі уақыттағы халық арасында жиі қолданылатын есімдерді stat.gov.kz сайтынан көресіз. Сонымен қатар, өз атыңыздың да қаншалықты жиі қолданыста екенін білуге болады.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті

№26, 27 МАУСЫМ 2018 ж.