«Қырғы базардағы» заңсыз сауда нүктелері сүріледі

658

Шымкентте ретсіз сауда жойылады. «Қырғы базар» аумағында орналасқан жол бойындағы келеңісіздікті жоюға негізделген сот шешімі күшіне енді. Осыған дейін бір емес сан рет ескертілген саудагерлер қала басшылығы мен тәртіп сақшыларының дегеніне көнбесе, шара қолданылады. Сот шешімінің орындалуы бүгін Әл Фараби аудандық әкімдігінде өткен жиында талқыланды.

Осыған дейін қала басшылығын тізгінге алған талай әкім де, мүйізі қарағайдай тәртіп сақшылары да бұл дауға нүкте қоя алмаған-ды. Талай жылдардан бері Шымкенттің «бас аурына» айналған ретсіз сауда енді мегаполис мәртебесін алған тұста тып-типыл жойылады. Шаһар шырқын бұзып, саудасын қыз-қыз қайнатқан саудагерлердің өз еркімен өзге базарларға ауысуы үшін қала басшылығы барлық қадамға барып жатыр. Тіпті су тегін сауда орындарын да ұсынуда.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Базар басшыларымен меморандум түздік. Қазірдің өзінде тротуарда тұрған 40 саудагерді сол орындарға жайғастырдық».

Шілде айында күшіне енген сот шешімін орындау кезінде 35 дүңгіршік алынып тасталады. 5 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылады. Осылайша, қала көркін қашырып қана қоймай, көліктердің қозғалысына да кері әсерін тигізген ретсіз сауда тыйылады. Неге осындай батыл қадамдар бұрын жасалмады?

Сансыз рейд ұйымдастырып, сан мәрте саудагерлерге ескерту жасаған жауаптылар қам-қарекетсіз емес едік деп ақталады. Бірақ, бұл шаралардан кейін ретсіз сауда тоқтамады, қайта жыл өткен сайын қанатын кеңге жайды.

Сейітжомарт Сейітхан, Әл Фараби аудандық полиция бөлімінің бастығы: «Ретсіз сауданы жою, сот шешімін орындау — біздің мақсатымыз. Егер біздің жұмысымызға кедергі келтіріп, кедергі келтіретін болса, заңмен шара көріледі».


Үстіміздегі жылдың 30 шілдесінен бастап жергілікті билік өкілдері, тәртіп сақшылары, сот орындаушылары дүңгіршіктерді сүру жұмыстарына мықтап кірісетін болады. Ретсіз саудамен айналысып отырғандарға 3 күннің ішінде жер телімін босату міндеттеледі.

Гүлфайруз Мырзалиева, Әл Фараби аудандық аумақты сот орындаушылар бөлімінің басшысы: «Бізге 2 ай мерзім беріліп отыр. Осыған дейін бірнеше рет ескертілді. Енді мәжбүрлеуге барамыз».


Енді пысықайларға кеңшілік жасалмайды. Егер кімде-кім жауаптылардың жұмысына кедергі келтіретін болса, заң аясында шара көріледі.

Мақпал Рысбаева