10 ретсіз сауданың жұмысы тоқтатылды

29

 Шымкент қаласының аумағында белгіленген жерлерден тыс орындардағы ретсіз сауда-саттықты жою мақсатында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, «Авто нұр» базарындағы ретсіз саудаларды реттеу жұмыстары жүргізілді. Аталған шараға әкімдік және полиция қызметкерлері қатысып, біршама заң бұзушылықты анықтады.

Бүгінде аталған базар маңында заңсыз орналасқан 10 дүңгіршек алынып, 10 ретсіз сауданың жұмысы тоқтатылды. Заңсыз 4 қосымша құрылыс нысанын ретке келтіру үшін Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс хат жолданды. Сондай-ақ тексеру кезінде кәсіпкерлердің мемлекет меншігіндегі жерлерді пайдаланғаны белгілі болды. Оған қоса, жергілікті тұрғындар жүретін жолдар мен базар маңындағы автокөлік тұрақтарының орнына қойылған ретсіз сауда орындары анықталып, толық жойылды. Қазіргі таңда базар басшылығымен жаңа жұмыс орындарын қарастырып, жұмыссыз қалған кәсіпкерлерге көмек көрсету жоспарланып отыр.
Бақылау барысында белгіленбеген орындарда сауда-саттық жасап отырған азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабына сәйкес, бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
 Айта кетейік, алдағы уақытта «Авто нұр» базар маңындағы ретсіз сауда, заңсыз дүңгіршіктерді ретке келтіру бойынша тәжірибе қаладағы барлық аумақта жүргізіледі.