Әлемнің әйгілі суретшілері Төлебидің төрінде бас қосты

1177

Күнгейдің бейне-туындыларының қоры — 100-ге толықты. Дәлірегі, 5 күнге ұласқан «Қасқасу» халықаралық суретшілер пленэрі мәресіне жетті. Айтулы мәдени шара аясында төрткүл дүниенің хас қылқалам шеберлері бас қосып қана қойған жоқ, Түркістан облысының теңдессіз табиғатына, төл тарихына үңілуге мүмкіндік алды.

Көрген-білген, түйгенін суреттеріне сыйдырып, көпшіліктің назарына ұсынды. Төлебидің төрінде — тау бөктерінде өрбіген өнер бастамасымен толығырақ танысу үшін біз де арнайы бұрылдық…

Анатолий Белявский — Беларусь Республикасының белгілі қылқалам шебері, Суретшілер Одағының мүшесі. Өнер иесі бізге рухани шахар — Түркістандағы киелі кесенені бейнелеудегі тың тәсілін таныстырды. Айтуынша, бұл суретті салуда қылқаламның хас шебері болу жеткіліксіз, алты алаштың бүгіні мен өткенін білу, тарихын түгендеу маңызды.

Анатолий Белявский

Анатолий Белявский, суретші, (Беларусь Республикасы): «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін бейнелеу маған оңайға түскен жоқ. 2 күн бойы тапжылмай тарихты ақтарып, іздене отырып салып шықтым. Ең алдымен рухты кесененің қаламмен қабырғаларын қаладым, сосын айналасындағы кеңістікті қамтыдым. Майлы бояу қолданылғанымен, тарихи дүниені ұқтыру үшін өзге де жасақтар қажет болды. Осы сурет саласындағы соңғы үлгіні және қажетті бояу-кескіндерді пайдалана отырып, киесіне бой ұрып, құрметтеу арқылы ғана бұл бейнені ойымдағыдай шығара алдым. Еңбектің басты ерекшелігі де осы — көрген бойда, рухты сезінесің!».

«Қасқасу» халықаралық суретшілер пленэрі — төрткүл дүниенің қылқалам шеберлерінің бас қосып, бейнелеу өнерінің биігін бағындыратын жоба. Биыл Төлеби ауданының төрінде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Мәдени шараның аясында, шетелдік және қазақстандық суреткерлер Түркістан облысының теңдессіз табиғатына, төл тарихына үңілуге мүмкіндік алды. Көрген-білген, түйгенін суреттеріне сыйдыру үшін де 5 күн уақыт берілген.

Түркістан облысының таным-тынысын, төл тарихы мен тау-тасын, табиғатын суретпен «сөйлеткен» өнер иелері құрметке бөленді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жоба қатысушыларының еңбегін еледі. Арнайы құттықтап, қаржылай сый -таралғысын тапсырды.

Яшар Недрет (суретте:оң жақта)

Яшар Недрет, суретші (Түркия): «Қуаныштымын. Біздің қазақ суретшілерінен үйренгеніміз көп болды. Мұндағылар ашық және қанық түсті бояуларды көп қолданады екен. Себебі өңірдің табиғаты жасыл аймақ, тамаша! Қанша салып, бейнелесең де жалықпайсың! Бір сөзбен айтқанда, Түркістан облысы — мәңгілік тақырып! Мәңгілік өлке!».

Мәдени жоба қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздарының қатысуымен концерттік кешке ұласып, қорытындыланды. Айта өтейік, «Қасқасу» халықаралық суретшілер пленэріне барлығы 23 суретші қатысып, 100 туынды салған. Тарихи еңбектер Төлеби ауданының қорына тарту етілді.

Мөлдір Бекеева