Ерекше балалар арасында бейнелеу өнерінен байқау өтті

360

Төтенше жағдай режимінен кейінгі сурет көрмесі. Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балалар сурет салу үшін бас қосты.

Бұған дейін оларға бейнелеу өнерінен онлайн бәсеке ұйымдастырылған еді. Карантиннің қатаң режимінде оза шыққан жүйріктер енді білікті ұстаздардан дәріс алу үшін екінші кезеңге келген.


Виктория Яцук бейнелеу өнеріне бала күнінен қызығады. Сурет салуды кішкентай кезінен ермек қылған ол осы жазда онлайн бәйгеге қатысыпты. Және жарыста бағы жанып, бүгін екінші кезеңге келіп отыр. Сөзінше ерекше балалар үшін мұндай шаралар аса қажет.

Виктория Яцук, жарыс қатысушысы: «Карантин басталғалы үйде отырмыз. Әдеттегі іс-шаралардың барлығы да тоқтады. Сондықтан сурет салуды мықтап тұрып қолға алдым. Кейін анам онлайн байқаудың басталғанын айтты. Осылайша туындымды жіберіп, енді міне екінші кезеңге келіп отырмын».


Бейнелеу өнерінен басталған бәсекенің алғашқы кезеңі маусым айында өткен. Қаладағы онлайн жарысқа тіпті Оралдағы бүлдіршіндер де қатысуға ниет білдіріпті. Солардың ішіндегі 10 бала екінші кезеңге өтіп, бейнелеу өнерінің білікті ұстаздарынан дәріс алды.

Роза Бергешова, жарыс ұйымдастырушысы: «Осындай сын сағатында ерекше балаларды назардан тыс қалдырғымыз келмеді. Және онлайн конкурс ұйымдастыруға бел будық. Нәтиже жаман емес. Бастысы балалар дән риза».


Ерекше балалар арасында өткен байқаудың бұл соңы емес. Ұйымдастырушылар енді өнердің өзге түрінен жарыс өткізуді жоспарлап отыр.

                                                                                                Назерке Үкібасова