Жол жөндеушілер жұрттың тынысын тарылтқан. Аптап ыстықта шаңға тұншықтық деп хабарласқан тұрғындар, құрылысшылардың ісіне наразы. Шымкенттегі Абдулабад көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары жұрттың ығырын шығарған. Талай рет мердігер компания басшысына шағымданып, шаңын тоқтатуды сұранса да, талаптарына пысқырмаған.
Абдулабад көшесінің тұрғындары арна тілшілеріне шағымдарын жаудырды. Айтуларына қарағанда, жол жөндеу кезінде су себілмейді. «Таза ауа жоқ, тынысымыз тарылып отыр» дейді олар. Одан бөлек мұнда айналма жолдың тиісті деңгейде қарастырылмағандығы айтылды. Жөндеу жұмыстары басталған 3-4 айдан бері осындай проблемаға тап болдық дейді олар. Мұны қадағалайтын жауаптылар да ештеңеге бас қатырып отырған жоқ.
Құрылыс басындағы серіктестік өкілі халықтың алдына шығып туындаған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Ол бұл проблеманы қолдан жасағандарын мойындап отыр. Бірақ солай жасауға тура келді дейді ол.
Абдулабад елді мекені арқылы өтетін көше облыстық маңызы бар жол болғандықтан тапсырыс беруші Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Бұл жоба бойынша жолдың күрделі жөндеу жұмыстары наурыз айында басталған екен. Осы аумақтан жоғары қысымды газ құбыры өткендіктен жобаға сәйкес жұмыстар уақтылы басталмаған. Басқарма маманы тұрғындар шағымы негізінде мердігер компанияға қатысты бірнеше рет ескерту жасағандарын жеткізді.
Басқарма өкілдері компанияға айыппұл салу үшін сотқа шағым келтіруге құқымыз бар дейді. Айта кетейік, нысан 2019-шы жылға өтпелі. Бұл жобаға бюджеттен 4 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. Биыл тек 500 милионы ғана бөлінген. Бұл сомма 19 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалады. Мамандар Абдулабад елді мекеніндегі жол құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, елдімекеннен шығып кетеміз деп отыр. Оған дейін тұрғындардың лас ауаға тұншығып күнелтуіне тура келеді.
Ернар Балабеков