Құркелес ауылдық округінің жол жөндеу жұмыстарына 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінген

Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес ауылдық округінде жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Қомақты қаражат есебінен бүгінде 37 көшеге асфальтталып, 5 көшеге шағал тас төселіп жатыр.

Насима Нованова Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақниет елдімекенінде 30 жылдан бері тұрады. Ол осы уақыт ішінде жол мәселесі шешімін таппай келгенін айтады. Ауа-райы жаңбырлы күндері балалардың сабаққа, үлкендердің жұмысқа баруы қиындайтын еді дейді ол. Биыл 30 жылғы арманы орындалған әйел, асфальт төселгенде төбеміз көкке бір ел жетпей қалды дейді.

Насима Нованова, Құркелес ауылдық округінің тұрғыны: «Өзіміздің осы жерге көшіп келгенімізге 30 жылдай болған еді. Көше деген болмаған. Алдыңғы әкімдеріміз асфальт жөнінде қараспаған еді. Лай кешіп, жүретін едік, балаларымыз да қиналатын. Асфальт салды, Аллаға шүкір. Алдыңғы мен қазіргі өзгеріс үлкен ғой. Үлкен өзгеріс бар, көшеміздің бәрі жарқырап қалды».

Жалпы Құркелес ауылдық округінде 204 көше болса, оның 76-сы асфальтталған. Биыл өңірдегі жол мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Қазіргі таңда 37 көшеге асфальтталып, 5 көшеге шағал тас төселіп жатыр.

Қанат Иматов, Құркелес ауылдық округінің әкімі: «Ақниет, Жаңаарық, Еңкес елдімекендеріндегі ішкі көшелерге асфальт төсеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Биылғы жылы 37 көшеміз қосылатын болса, жолдарымыздың 50 пайызға жуығы қанағаттанарлық жағдайға жетеді. 27 көшеге республикалық бюджеттен, 10 көшеге аудандық бюджеттен, ал одан бөлек 5 көшемізге тас-шағал төсеуге аудандық бюджеттен тағы қосымша алып отырмыз».

«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға округке қарасты 3 елдімекенде ұзындығы 33,395 шақырымдық 27 көшеге жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қаралып 4 елдімекеннің 10 көшесіне орта жөндеу жұмыстары, 2 елдімекеннің 5 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде.