Қазақ салт-дәстүрі адамға сыйластық пен құрмет көрсетуге құрылған. Соның бір мысалы – ат тергеу. Ат тергеу – ізеттілік, көрегенділік, кішіпейілділік қасиеттерінің ең биік көрінісі. Келіндер қауымының қайын жұртындағы әулет мүшелерінің, ауыл үлкендерінің атын атамай, әрбіріне ерекшелігіне қарай жеке-жеке ат қоюы. Жаңғырық айдарының бүгінгі тақырыбы қазақ ұлтының «ат тергеу» атты ерекше дәстүрінің өткені мен бүгініне арналып отыр.
Бір келін: «Сарқыраманың ар жағында сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр» Білемені жанамаға жанап-жанап, тез келіңдер!» депті. Бұл келіннің Өзенбай Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Пышақбай деген қайынағаларының атын атамау үшін тапқан тұспалы болса керек. Келін ауыл маңынан өтетін өзен бойындағы қалың қамыстың арасында жатқан қойға қасқыр тигенін ауылдағыларға осылай жеткізгісі келген.
Ел ішінде таралған осы бір мысалдан-ақ келін тарапынан қайын жұртына көрсетер ерекше құрметті аңғаруға болады.
Ат тергеу – қазақ халқының тәрбиелік мәні зор сонымен қатар, сыйластық пен құрметтің ерекше белгісін көрсететін дәстүрінің бірі. Бұл дәстүр өз мәнісін жоғалтып бара жатқандай. Бүгінде кейбір келіндер ата-енесінің атын міз бақпай айтып, «былш» еткізетіні бар. Мәнді де құнды дәстүрімізді ұстанатындардың қатары сиреп, аз қалғандай.
«Алғашқы келін боп түсудің ауырлығы көп»
«Алматыда туып өстім. Өзімізше айтқанда, заманауи отбасының кенже қызы болдым. Сондықтан да халқымыздың салт-дәстүрлерін естігенім болмаса, қызықтап сұрап білуге талпынбаппын да. Екі әпкем алматылық жігіттерге тұрмысқа шықты. Уақыт өте келе мен өз бақытымды күнгейдегі Мақтаарал ауданынан таптым. Салт-дәстүрдің түр-түрін келін боп түскеннен кейін біліп, үйрендім».
Отбасының кенже қызы Айғанымға бір әулеттің үлкен келіні болу бұйырған. Ол болашақ жарымен Алматыда танысқан. Келін боп түскен әулеті қазақы салт-дәстүрді ерекше ұстанады екен. Айғанымның күйеуі қыз бен жігіт болып жүрген кезінен-ақ оны әулетінің ережелерімен таныстырыпты.
«Күйеуім тек отбасының ғана емес, туып-өскен ауылының қазақ салт-дәстүрлерін ерекше ұстанатынын айтатын. Сондықтан да маған кітаптан, сайттардан көп нәрсені оқып, білуімді ескертетін. Мен, анамнан сұрап, қалғанын мейлінше ізденіп білуге тырыстым. «Қанша қарадым» дегенмен, нағыз ортаға бару басқаша екен. Күйеуім Жасұлан, әсіресе, ат тергеуден ұятқа қалмауымды жиі ескертетін. Өйткені мен Жасұланның отбасында тұңғыш келін болатын едім. Алайда ол көмектесетін әпкелері және туысқан жеңгелері барын дейтін. Осылайша бұйырған күні мен де ақ босағаны аттап, ақ келін атандым».
Айғаным жігітімен танысып, келін болып түскеніне дейінгі бір жарым жылда жұрттан сұрап, оқып-біліп естігені тым аз болғанына келін атанғанында бір-ақ көзі жетеді. Есесіне пысықтығының арқасында ата-енесінің қолында тұрған бір жарым айда көп нәрсені үйренеді.
«Жолдасым 4 ағайынды. Үйдің үлкені. Өзінен кейін екі інісі және бір қарындасы бар. Маған үйдегілерге ат қою қиынға соқпады. Жасұланның әке-шешесін, яғни ата-енемді «ата-апа» деп атайтыным сөзсіз. Бірінші қайнымды «төрежан» деп атадым. Өйткені ол арасында ағасына ақыл айтып, жол сілтейтін. Сондықтан да осылай атағым келді. Екіншісін «кенже бала» дедім. Аздап тентек. «Тентегім» деп те айтқым келді. Бірақ ойлана келе осылай атағаным дұрыс деп шештім. Ал, қайын сіңлімді көзі мөлдіреп, күлімдеп жүретіндіктен «күлімкөз» дедім. Бұл атауларды келін боп түспей тұрғанда ойластырып қойған едім. Алайда ат қою мұнымен тоқтамады. Ауылдың үлкендеріне де ат қоюым керек болды. Атам мен апамның туысқандарының да атын тергеуім керек екенін апам жақсылап түсіндірді. Дегенмен апам маған көмекке келді. Бәрін апаммен кеңесіп отырып, қойдық. Мысалы ауылымызда қолынан бар іс келетін бір апа бар. Оны бәрі «шебер апа» дейді екен. Сіз ол кісінің кестелерін көрсеңіз таң қаласыз. Неткен еңбек! Мен ол кісіні «алтын қол апа» деп атадым. (Күйеуінің айтуынша, шебер апаның Шебербек деген інісі болғандықтан Айғаным о кісіні «Шебер апа» дей атай алмайды екен-ред.). Атамның өте сергек жүретін інісі бар. Оған «Серіаға» деп ат қойдым. Әрбір адамға ат қою барысында апам әрқайсысының бойындағы ерекше қасиеттерін ескерді. Үлкен-кішілігінен бастап, мінез-құлқы, атақ-абыройы, беделіне және сол адамның бойынан табылатын әдет қылықтары, барлығы ескерілді. Осылайша ат қоюымыздың өзі ерекше бір қызық болды»
Айғаным қазір Алматыда тұрады. Ауыл адамдарының аңғалдығы, жүрегінің тазалығы, сыйластығы бәрі-бәрі жанына ерекше әсере етеді. Сол үшін де ауылына жиі баруға тырысады. Ол сөз соңында «Өзімнен кейінгі екі абысыным ат тергеуде да мен қойған атауларды қолданатындықтан алғашқы келіннің «көтерер жүгі жеңіл емес» деп те айтып өтті.
Ат қоюдың шебері «Р апа»
«Атам мен әжем – ауылымыздың үлкендері. Қай үйде жиын болмасын атам барып бата жасамайынша, той-томалақ деген басталмайтын. Тіпті ауылдағы «соғымбас» асын беру үшін келіндер «Төрағам үйі қашан бастайды екен, одан кейін кезегімізді белгілейтін» деп біздің үйге қарайлайтын. Әжем соғымбастың басталуын айтқан сәтте ауылдың келіндері жиналып, өзара кезектерін анықтаушы еді. «Төраға» дегені – менің атам. Атам інілерінің келіндері оны «Төраға» деп атайды. Барлығы көрген жерден «Төраға, төрге шығыңыз» деп бәйек болып жататын. Атамның қасында көп жүрдім. Көп көрініске куә болдым. Сол келіндерінің бірі, дәлірегі атама «Төраға» деп ат қойған Риза деген апамыз. Оны барлығы «Р апа» деп атайтын. Неге десеңіз ол «Р» әріпіне ерекше екпін беріп, созып сөйлейді. Мәселен «Төррраға» деген сияқты. Әр сөзде кезігетін «Р» әрпін анықтап, айшықтап айтады. Тіпті ән айтса да «Р» әрпі созылып кететін еді, шіркін. Ортасын жандырып, жайнатып жүретін Риза апамсыз ауылда той өтпейтін. Тіпті әжемнің «Риза жоқ екен ғой. Пәлен жаққа кетіпті, 3 күннен кейін келеді екен. Жиынды оның келетін уақытына туралаңдар» деп айтатын сөздері есімде»,
деп әңгімесін бастаған Мақпал есімді кейіпкеріміз «Р апасының» ат қоюға келгенде шеберлегін де айтып берді. Айтуынша, ауыл келіндерінің барлығы Риза апа қойған атпен сөйлейді. Риза апа кім-кімге де жаңа есім қою керек болса, әп-сәтте жарасымды атты таңдай қояды екен.
«Оның ат қоюдағы басты ерекшелігі – адам бойындағы қасиетті ескере отырып, соған қарама-қарсы сөзді ойлап таба білуі. Бұл жағдайды көбінесе қайныларына қолданады. Мәселен, ауылымызда өте жайбасар аға бар. Енді жүрісін теңеу тәсілі арқылы айтсақ – тасбақадан сәл-ақ жылдам шығар. Сол кісіні «жүйрігім» дейтін. Ал бойы қысқалау қайнын «сұңғақтым», үнемі асығып жүретін, жылдам қозғалатын қайнысын «бақа бала» дейтін. Енді қайынсіңлілерін мейілінше көркем атауға тырысатын. Оларға сырғалым, гүлім, күлімкөзім, шашбаулым, кербезім, керімім және тағы басқа әсем де мәнерлі атауларды таңдайтын»
«Анам ата-енесінің атына ұқсас сөздерді де айтпайтын »
Мақпал ауылдағы жеңгелерінің барлығы ат тергеуге мән беру құпиясын да әңгімеледі. Айтуынша, қазақтың бұл дәстүрін ұстануда оның әжесінен асқан сұңғыла адам жоқ.
«Бір ғана мысал айтайын. Атамның әкесі, яғни үлкен атамның есімі – Үмбет деген кісі болған. Атам мен әжемнің айтуынша, атамыз бір рудың биі болғандықтан, оны бәрі ерекше құрметтеп, асқан сыйластық көрсететін. Соның бір парасын әжемнен көрдім. Әжем «Үмбет» демек түгілі осы есімге жақын сөздерді де атамайтын. Мысалы, «адамның беті» деп айтқанын ешқашан естіген емеспін. «Бет» сөзін «жүз, өң» деп сөйлейтін еді. «Өңіңді жу», «жүзіңе бірдеңе жағылып қалыпты» деп сөйлеп, бет сөзінің басқа синонимін қолданатын. Ал, затқа байланысты айтылса, «мынаның өңін оң қаратып қойыңдар» деген сиқты сөздерді қолданады. Бұл да болсын әжемнің даналығы шығар. Әжемнен осындай тәрбиені көріп өскен анам да атамның есіміне жуық сөздерді атамайтын. Атамның есімі – Белдеубай. Менің анам атамның атын атамақ былай тұрсын, белдемше, белдеме, белбеу деген сөздерді ешқашан айтпайды. Мысалы белдеме сүйегін «қанаты бар сүйек», белбеуді «буғыш» сөздерімен алмастырып сөйлейді. Әжемнің есімі Самалия болғандықтан анам «самолет» сөзін айтпайтын. О сөздің орнына «ақ құс» деп атаушы еді. Осы тұста бір қызық жағдайды айта өтсем, осындай ілтипатты көріп өскен кішкентай сіңлім «үлкендерді атымен атаған дұрыс емес» деп ойласа керек: үйге әкемнің туысқан ағалары қонаққа келсе, сыртта жүрген анама «Анашым, үйге жақсы аға мен жуас аға келді» деп жүгіріп келетін кездері есіме түседі»
Иә, кішкентайынан отбасында адамдарға деген ерекше сый-құрмет пен ілтипатты көріп өскен Мақпал қазіргі келіндердің қайын аға, қайын әпкелері былай тұрсын кейде ата-енесінің атын былш еткізіп атауы өте өрескел көрінетінін де қынжылыспен айтып қалды.
«Қазір, әсіресе, қала келіндері ат тергеудің не екенін білмейді. Бәріне топырақ шашудан аулақпын әрине. Дегенмен көбі біле бермейді. Бұл – өкінішке қарай шындық. Оларды да кінәламаймын. Барлығы да үйде көрген тәрбиеге байланысты. Егер әжем мен анамнан осындайды көріп өспегенде мен де білмейтінім анық еді. Әжем айтқандай «ат тергеу» — адамдардың бір-бірін сыйлап, әдептен аттамай, туысқандар арасындағы ерекше сезімге дақ түсірмей оларды береке бірлікке, кішпейілділікке, әдепке шақыратын ізгі дәстүр. Осындай ерекше дәстүрдің өміршең болуын қалаймын»
Иә, салт-дәстүрдің ескіріп, заман ағымына қарай өзгеріске ұшырағаны да, қолданыстан шыққаны да бар. Алайда «ат тергеу» дәстүрі ешқашан ұмыт қалмаса екен дейміз. «Керісінше заманға сай жетіліп, жаңғырып отырса екен» деп тілек етеміз.
Құрметті оқырман, сөз соңында ұлтымыздың мәнді де мағыналы салт-дәстүрлеріне қатысты өз оқиғаларыңызбен бөлісуге шақырамыз. Жаңғырық айдарына қатысты айтар ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді елеусіз қалдырмайтынымызды да естеріңізге саламын. Оқырман, сіздің ойыңыз, сіздің пікіріңіз біз үшін әрқашан да маңызды екендігін ешқашан ұмытпаңыз.
Редакциямызға хат жолдап, телефонға қоңырау шалып, WhatsApp нөмірімізге — +7 707 853 54 17 хабарласып, ой бөлісіңіз
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті
№27, 4 ШІЛДЕ 2018 ж.